Борышкерлерді іздеу тәртібі қандай?
Фото: egemen.kz
ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аумақтық департаменттері қылмыстық қудалау органдары мен соттан жасырынып, іздеуде жүрген және жазасын өтеп жатқан адамдарды, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды есепке алуды жүргізумен қатар бірқатар міндет атқарады.
Іздеу жарияланған атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер мен мемлекет мүддесі немесе алимент өндіру туралы талаптың жауапкерлерінің есебін жүргізеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Атқарушылық іс-әрекеттің нәтижесі болмаған және сот орындаушы борышкердің тұрған жерін анықтай алмаған жағдайларда ішкі істер органдары арқылы іздеу жұмысын жариялау туралы қаулыны ұсынып, прокуратураға жүгінуге міндетті.
Тұлғаның іздеуде жүргені туралы ақпаратты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының www.qamqor.gov.kz порталындағы арнайы бөлімнен алуға болады. Онда іздеуде жүрген адам, іздеуді жүргізетін орган, іздестіру ісінің қозғалған күні көрсетілген.
Қазіргі таңда облыстағы ішкі істер органдары 56 борышкер мен жауапкерді іздестіріп жатыр, оның 45-і ер адам, 11-і әйел.
Борышкерді немесе жауапкерді іздеу дұрыс жүргiзiлмеген жағдайда өндiрiп алушы жоғары тұрған iшкi iстер органына немесе прокуратураға шағым беруге құқылы.
ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ШҚО бойынша департаменті тұлғаны іздестіру ісі болмаса да, төленбеген алимент, айыппұл немесе салық және т.б. бойынша атқарушылық өндірісінің болуы ҚР мемлекеттік шекарасынан өтуге байланысты келеңсіз жағдайларға әкеп соғуы мүмкін екенін еске салады.
Сондықтан, шет елге шығуға тыйым салудың бар-жоғы туралы ақпаратты алдын ала тексеру қажет. Оны www.aisoip.adilet.gov.kz сайтындағы Борышкерлер мен жеке және заңды тұлғаларға шет елге шығуға уақытша тыйым салу туралы бірыңғай реестрден немесе www.egov.kz электрондық үкімет порталынан білуге болады.
Жеке сот орындаушылардың сот шешімдерін орындау кезіндегі әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымды ШҚО Әділет департаментіне және оның аумақтық бөлімшелеріне немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолдауға болады.