Қысқы жұмыстарға техника сақадай сай - ШҚО
Шартты сурет: nflg.ru
Биыл Шығыс Қазақстандағы республикалық, облыстық және аудандық жолдарды, елді мекендердің көше жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына 858 бірлік техника жұмылдырылады. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды.
Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, қыстан қысылмай шығуға техника толықтай жетеді. Бұған жеке облыс болып шыққан Абай өңірінен келіп жеткен техниканың да қосқан үлесі зор екен, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ал аудандық маңызы бар жолдарға, сонымен бірге елді мекендердің көше жолдарына қажетті қызмет көрсету үшін 574 бірлік қар тазалайтын техника жасақталған.
Әлбетте, республикалық маңызға ие жолдарды күтіп ұстауға да айрықша мән беріледі. Қазір аталмыш бағытта қызмет көрсететін «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының теңгерімінде 82 қар тазалайтын техника бар екен.
Басқарма басшысының айтуынша, облыстық маңыздағы жолдардың бойында климаттық ерекшеліктерге байланысты бес өндірістік-жол учаскесі бар болса, аса қауіпті жерлерде төрт жол пайдалану пунктері орналасқан. Атап айтсақ, мұндай пунктер Ұлан ауданының Тарғын және Күршім ауданының Марқакөл мен Егіндібұлақ ауылдарында, сондай-ақ Шемонаиха қаласында ашылған. Бұған қоса өңірде төрт жылыту бекеті де бар екенін атап өткен орынды. Олар Ұмыш асуында, Тарғын, Егіндібұлақ пен Ұрынхай (Күршім) ауылдарында орналасқан.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта екі мың тоннаға жуық көктайғаққа қарсы материалдар дайындалып, қала және ауыларалық жолдардағы қауіпті учаскелерге жеткізілуде. Сонымен қатар, 50 тонна техникалық тұз сатып алыныпты. 1 600-ден астам су өткізгіш құбыр мен көпірлер астындағы су жолдарын тазалау жұмыстары атқарылып жатыр.