Төсқайың ауылдық округының жылқылары төменге түсіріледі
Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Марқакөл ауданының Төсқайың ауылына дейін жол ашылды. Десе де әлі Шанағаты мен Балықтыбұлақ ауылдарына жол жоқ. Төсқайыңға дейінгі жолдағы қардың қалыңдығы 2 метр шамасында.
Ал бұған дейін Төсқайың ауылдық округының тебіндегі жылқылары қар құрсауында қалғанын жазған болатынбыз. Қазіргі уақытта қар құрсауынан шығарылған жылқылар ауыл маңына жеткізілген. Ендігі кезекте жылқылар Боран және Қарашілік өңірлеріне қарай ойға түсірілмек, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жалпы Төсқайың ауылдық округында 2 мыңға жуық жылқы бар. Оның 350-ден астамы етекке түсірілмек. Жылқылардың етекке түсірілуін округ әкімшілігі мен ШҚО ауылшаруашылығы басқармасы бірлесе ұйымдастырмақ.
Төсқайың ауылдық округы әкімінің айтуынша, әзірге көп мал шығыны жоқ. Бірақ бұлай жалғаса берсе жағдай қиын болатынын айтады.
Бір байқағанымыз бұл өлкенің халқы басқа аудандармен салыстырғанда жем-шөпті аз дайындайды. Өйткені жылқы қыс бойы тебіндеп шығады. Биылғы қыс оған мұрсат бермеген. Ал кейбір тұрғындар дайындаған шөбін қалың қардың кесірінен шабындықтан жеткізе алмай қалған.
- Бар шөпті жеткізе алмай отырмыз. Қыс бұлай қаталдығын жалғастыра берсе жағдай көктемде қиын болмақ. Қолайлы бағада жем-шөп жеткізіп берсе дұрыс болар еді. Жылқымды төменге түсіргенге күйі келмейді, - дейді Төсқайың ауылдық округының тұрғыны Бақытбек Байсақов.
Фото автордікі