Марқакөлдіктерге көрші аудандар мен ауылдар көмекке жем-шөп беріп жатыр
Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Күршім ауданында әлі бірнеше ауылдың жолы ашылған жоқ. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Төсқайың, Балықтыбұлақ, Бұғымүйіз, Шанағаты жолдары ашылмаған.
Бұған дейін тебіндегі жылқылардың қар құрсауында қалғанын жазған болатынбыз. Ал оларға жем-шөп қажет екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда көрші аудандар мен кейбір ауылдар көмекке жем-шөп беріп жатқан көрінеді. Алайда аудан тұрғындары көмекке берілген жем-шөпті тасуға техника жоқ болып отырғанын айтады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желідегі мәлімет бойынша, Зайсан ауданының Қуаныш ауылы 30 орам шөп беріпті. Сонымен қатар Күршім және Марқакөлдің өзінің кейбір ауылдары артық жем-шөптерін жіберген екен.
Осылайша қар құрсауында қалған аудан тұрғындары мал-жанды сақтап қалудың қамын жасап жатыр. Олар ауылдарда дәрі-дәрмектің қажеттілігі де бар екенін айтты.
Суреттер и бейнежазба ауыл тұрғындарынан алынды