KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
500.32 545.3 6

Зайсан шекара бекеті 100 жылдығын атап өтті

23.02.2024, 17:01 184 Қызырбек Дүргінбайұлы

Биыл Зайсан ауданындағы шекара басқармасының құрылғанына 100 жыл толды. Бұл – еліміздегі тарихы терең, маңызы зор шекара бекеттерінің бірі.

Шекара басқармасының мерейтойына орай жауынгерлік тарихтан сыр шертетін музей ашылып, бірқатар шекара қызметкерлеріне Президенттің Алғыс хаты табысталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мерейлі мереке қарсаңында әскери қызметте жүріп қаза тапқан шекарашылардың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды, сондай-ақ шеру ұйымдастырылып, «уақыт капсуласы» салынды.

Шекара бекетінің ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының, ҰҚК Шекара қызметінің басшылығы және еңбек сіңірген шекара ардагерлері қатысты. Қазақстан Республикасы шекарашылары «Застава тарландары» ардагерлер ұйымының төрағасы, генерал-майор Тұрсын Уажанов құттықтау сөз сөйлеп, ел қорғаны болып жүрген кейінгі буын әріптестеріне жылы лебізін жеткізді.

Жаңадан ашылған мұражай шекара басқармасының тарихы мен дамуынан сыр шертеді. Онда құнды дүниелер өте көп. Атап айтсақ, шекара бекетінде қызмет еткен командирлер жайлы танымдық дүниелер, Ұлы Отан соғысындағы әскери қызметшілердің рөлін айқындайтын экспозициялар мен стендтер сияқты басқа да бағалы жәдігерлер, естелік заттар қойылған.

– Зайсан шекара басқармасының еліміз үшін маңызы зор, тарихы терең. Бұл шекара бекеті қауіпсіздікке қорған болып ғана қоймай, көп жылдық тарихтың тағаны бола білді. Ғасыр тойын қарсы алып жатқан басқарма жылдар бойы еліміз бен жерімізге қорған болып келеді. Сондықтан да шекара сарбаздарын, офицерлік құрамын, онда қызмет еткен баршасын 100 жылдық мерейтоймен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, шекарамыз шегендеулі болсын, – деді Зайсан аудандық мәслихат төрағасы Еркебұлан Зағыпаров.

Бұл күні Зайсан шекара басқармасы оркестрінің, облыстық «Ертіс концерт» өнерпаздары мен Зайсан аудандық Мәдениет үйі әртістерінің қатысуымен үлкен мерекелік концерт өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу