KZ
Өскемен
-7°
туман жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Ішкі істер министрінің кубогы Шығыста қалды

28.03.2024, 17:30 3 528

Өскеменде шайбалы хоккейден тұңғыш рет ішкі істер министрінің кубогы өтті. Үш күнге созылған дүбірлі додада шығысқазақстандық «Титан» командасы чемпион атанды.

Жарыстың соңғы күнінде трибунада ине шаншыр орын болмады, ол түсінікті. Өйткені жүлделі орындар үшін таласатын финалдық ойындар басталған. Еліміздің әр түкпірінен жиылған құқық қорғау қызметкерлері үмітті ақтау үшін барын салды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Финалда Шығыстың намысын қорғаған «Титан» мен Солтүстік Қазақстан облысының «Динамо СҚО ПД» командасы өнер көрсетті. Үш кезең бойы қос команда тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде жарыс иелері теріскейден келген әріптестерін 16:2 есебімен тас-талқан етіп ұтып, кубокты Өскеменде алып қалды.

– Ең әуелі бұл турнирдің дәстүрлі түрде өтетіні қуантады. Ойындар өте тартысты болды. Турнирге келген сегіз команда да өздерінің шеберліктерін көрсетті. Турнир ұйымдастырушыларына, қолдаушыларға алғысымыз шексіз. Жарыста ғана емес, өмірде де барлығына сәттілік тілеймін, - дейді ШҚО Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ерлан Омарбеков. 

Турнирдің марапаттау сәтінде «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» номинациялары бойынша үздіктер марапатталды. Жарысқа қатысқан барлық командаға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. 

Сонымен додаға түскен сегіз ұжымның ішінен суырылып шыққан үздік үштік те анықталды. Қола жүлде Қарағанды облысының полиция қызметкерлеріне бұйырды. Күміс жүлде шешуші кезеңде жарыс қожайындарына есе жіберген Солтүстік Қазақстан облысының «Динамо» хоккейшілеріне бұйырды. Ал осы турнирде қарсылас шақ келтірмеген «Титан» командасы чемпиондық кубок пен алтын медальді қанжығалады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тоңазытқыш, теледидар және басқа да бағалы сыйлықтар табыс етілді.  

- Шынын айту керек, Шығыс өңірі Қазақстан хоккейінің отаны аталғандықтан бізге артылған жауапкершілік жүгі екі есе ауыр болды. Сондықтан барымызды салдық. Жарысқа тиянақты дайындалдық, көп тер төктік, сол еңбектің жемісін көріп отырмыз міне. Қарсыластар да осал болған жоқ, тартысты ойын көрсетті. Турнир барысында көп дос таптық. Алдағы уақытта спорттың қай түрінен болсын бәсекеге түсуге, Шығыстың намысын қорғауға барымызды саламыз, - дейді «Титан» командасының ойыншысы Мерей Сағдолдин. 

Марапаттау рәсімінен кейін жүлделі орындарға ие болған тәртіп сақшыларының жанкүйерлері үздік өнер көрсеткен спортшылармен фотосуретке түсіп, жылы лебіздерін жеткізіп жатты. Айта кетер жайт, Ішкі істер министрлігі аталмыш турнирді алдағы уақытта да өткізуге ниет білдірді.

Балауса Мэлсқызы

Фото: Валерий Шведов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу