Алтайдың жас хоккейшілері Астанада жүлделі болды
Астанада шайбалы хоккейден «Samruk bala cup» республикалық турнирі мәреге жетті. Ақпанның 3-і мен 6-сы аралығында өткен жарыстың ерекшелігі сол, оған ауылды жердегі балалар мен жасөспірімдерден жасақталған командалар қатысып, жүлдені сарапқа салды.
Арқа төрінде өткен дүбірлі додада Шығыстың намысын Алтай қаласындағы ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері қорғады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Турнирдің алғашқы күні Алтай қаласының жас хоккейшілері екі бірдей жеңіске жетті. Алдымен Ақмола облысының «Арғымақ» командасын 7:3 есебімен ойсырата жеңсе, одан кейін «Ұланды» 10:0 есебімен тас-талқан етті. Айта кетейік, «Ұлан» да Шығыс Қазақстан облысының атынан өнер көрсеткен ұжым.
«Алтайлық» спортшылар екінші жарыс күнінде де жеңісті жолын жалғастырды. Бұл күні олар Қостайдың қос командасы – «Дәулет» пен «Сарыкөлді» ірі есеппен жеңіп, шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ал үшінші жарыс күні Ақмола облысының «Қойгелді» командасын 7:1 есебімен тізерлеткен жерлестеріміз жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда қостанайлық «Юность» хоккейшілерін 3:0 есебімен жеңіп, шешуші кезеңге қадам басты.
Сөйтіп осы турнирдің финалында Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласының командасы мен Ақмола облысының «Родинасы» кездесті.