Ішкі істер министрінің кубогі кімге бұйырады? (видео)
Шығысқа еліміздің түкпір-түкпірінен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жиналды. Мұнда ерлер арасында тұңғыш рет шайбалы хоккейден Ішкі істер министрінің кубогі үшін жарыс ұйымдастырылды.
Турнир Өскемендегі Борис Александров атындағы спорт сарайында өтіп жатыр. Трибунада жиылған қалың жұрт республика бойынша іріктеуден өткен таңдаулы сегіз команданың айдындағы «айқасын» тамашалайды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Турнирдің ұйымдастырылуы құқық қорғау қызметкерлері үшін күтпеген жаңалық болған. Дегенмен, тәртіп сақшыларының қатарында хоккеймен айналысқан спортшылар жоқ емес. Шыныққан шымыр жігіттер спорттың қай түрінен болсын бәсекелесуге дайын екендерін айтады. Ұйымдастырушылар министр кубогі үшін таластың Өскеменде өтуіне Шығыстағы хоккей мектебінің үздік болуы себеп деп отыр. Айтуларынша, шайбалы хоккей турнирі алдағы жылдары да жалғасын таппақ.
Хоккей жарысының ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, қатысушыларға Ермек Көшербаевтің ыстық лебізін жеткізіп, сәттілік тіледі. Жарысқа «Қыран» (Қонаев), «УССО ҚР ІІМ» (Астана), «Барыс Астана ПД», «Динамо ДП СҚО», «Иртыш» (Павлодар), «Жігіттер» (Қарағанды), «Көкшетау» (Ақмола облысы), «Титан» (ШҚО ПД) атты командалар қатысты. Полиция қызметкерлері хоккей таяғын ұстап, мұз айдында бәсекеге түсу үшін ұзақ дайындалғандарын айтады.
Айта кетейік, турнир 26-28 наурыз аралығында өтеді. Әзірге жерлестеріміз айқын басымдықпен алда келе жатыр. Алдымен Қонаев қаласынан келген «Қыран» командасын 22:0 есебімен жеңген олар артынша «Барыс Астана ПД» ұжымын 15:1 есебімен талқандады. Одан кейін «УССО ҚР ІІМ» командасын 18:0 есебімен ойсырата ұтты. Дегенмен, кубок үшін шешуші кездесулер әлі алда.
Балауса Мэлсқызы
Фото: Аяужан Утеулинова