ШҚО әкімі «Таза Өскемен» кәсіпорнының жұмысын сынға алды
Фото: Instagram @tazaoskemen
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев «Таза Өскемен» кәсіпорнында болып, оның жұмысына қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еске салайық, аймақ басшысы өткен кеңестердің бірінде қалалық коммуналдық қызметке шағым көптеп түсіп жатқанын айтқан еді.
Өскемен тұрғындарынан қоқыстар уақытылы және сапалы жиналмайтыны, қыста көшелер мен аулалар қардан дұрыс тазартылмайтыны туралы бірсыпыра шағым түскен.
Өңір басшысын облыс орталығын таза ұстау жүктелген кәсіпорын аумағындағы тәртіпсіздік қынжылтты.
Сондай-ақ ШҚО әкімі кәсіпорын қызметкерлерімен тілдесіп, жағдайларын білді. Белгілі болғандай, қызметкерлер үшін жағдай жасалмаған. Жұмыс бекетінде жылу жоқ, тіпті кәсіпорын тарапынан техниканы жууға арналған арнайы орындар қарастырылмаған. Қызметкерлерге арналған демалыс бөлмелері де жоқ.
Аймақ басшысы қысқа мерзімде коммуналдық кәсіпорынды ретке келтіруді және күнделікті еңбек етіп, қаланы таза әрі әдемі ететін қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды, деп хабарлайды ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.