KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 2 м/с, В
443.44 480.51 4.88

Өскеменде Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің рухына құрмет көрсетілді (видео)

7.05.2024, 12:30 215 Ләззат Қанатқызы

Өскемендіктердің сүйікті демалыс орнына айналған Сағадат Нұрмағамбетов саябағында бүгін адамдар қарасы әдеттегіден ерекше көп. Қарақұрым халық мұнда 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мерекесіне орай батыр бабасының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қою үшін жиылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Екінші жаһан соғысында Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Тылда тер төккен кәрі-жастың ерен еңбегі де ел жадында мәңгілік қала бермек. Тарихты біліп, өткенге тағзым ету – бүгінгі ұрпаққа парыз, келешекке аманат. Осындай биік мұратқа бекінген бір қауым ел Жібек маталар комбинатындағы саябақты бетке алған. Ондағы мақсат біреу – Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым ету. Кейінгі буынға өнеге болар іс атқару.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында өмірге келген. 1942 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеде оқыған. Оқуын бітірген 1943 жылы майдан шебіне аттанған. Сұрапыл соғыста ол пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі болып шайқасты.
1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезінде көзсіз ерлік көрсеткені үшін 21 жастағы Сағадат Қожахметұлына Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. 
Ол соғыс жылдары Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде болған, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында өткен шайқастарға қатысқан. Соғыстан кейін Мәскеудегі Фрунзе атындағы Әскери академияда оқып, бітірген соң Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберіледі. Бұдан кейін көптеген әскери лауазымды қызметті атқарған Сағадат Қожахметұлы 1992 жылы егемен еліміздің ең алғашқы қорғаныс министрі болып тағайындалады.
1993 жылғы оған генерал-полковник шені берілсе, бір жылдан кейін Халық Қаһарманы атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілген.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев еліміздің Қарулы күштерін құруда және қалыптастырудағы даңқты әскери қолбасшының зор еңбегін атап өтті. 

– Сағадат Нұрмағамбетовтің өмір жолы барша қазақстандықтарға үлгі, өнеге. Биік беделі мен жоғары кәсіби қасиеттерінің арқасында ол армияның командалық құрамын, техникалық базасын сақтап, Қарулы күштердің құрылымын қалыптастырды, әскери қызметшілердің патриоттық рухын көтере алды. Бүгінгі салтанатты жиынға әскери қызметшілердің бірнеше буыны жиналғаны өте орынды болды. Сіздердің әрқайсыларыңыз ел үмітін абыроймен ақтайсыздар деп сенемін.
Біз, батырлардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз! Тәуелсіздік пен ел тыныштығын сақтау жолындағы қызметі үшін барша сарбаздарға, сондай-ақ, табиғи апат, су тасқынын алдын алуда күш салған төтенше жағдай қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін! - деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев. 

Шара барысында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге елеулі үлес қосқан өңір тұрғындары марапатталды. 

- Баршамызға белгілі, еліміз қиын кезеңдерді бастан кешті. Кей аймақ тұрғындары барынан, баспанасынан айырылып қалды. Біздің өңірде тасқынға қарсы іс-шаралар ерте басталған болатын. Соның арқасында су тасқыны жағдайы тұрақты өтті, - дейді «Қазгидромет» мекемесінің облыстық филиалы гидрология бөлімінің басшысы Іңкәр Асқарқызы.

Биыл туғанына 100 жыл толатын Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің аты Өскеменде бір мектеп пен орталық көшеге берілген. Сонымен қатар қаладағы жаңа ықшамауданда батырдың атына саябақ ашылып, ескерткіші бой көтерген.

– Ол ерекше тұлға еді. Еңбексүйгіштігі, есте сақтау қабілеті, адамгершілігі, өзіне және басқаларға деген талапшылдығы керемет болатын. Ал оның кәсіби біліктілігі, әскери саланы жетік меңгеруі баршамызға үлгі болды, – деп атап өтті Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, отставкадағы полковник Бейсен Тулақов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив