KZ
Өскемен
+27°
небольшая облачность жел 3 м/с, ОБ
443.44 480.51 4.88

ШҚО-да Халық қаһарманының 95 жылдығын атап өтті

3.06.2019, 03:12 246

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Өскемен гарнизонының әскери қызметшілері Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің 95 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Өскемен гарнизоны басшылығының ұйымдастыруымен Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 95 жыл толуына орай салтанатты іс-шара Өскемен қаласының этноауылындағы әскери техника мен қару-жарақтар мұражайында өтті.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы ҚІД, Өскемен қаласы ҚІБ мен 27943 әскери бөлімінің жеке құрамы және Ахмер, Таврия ауылдық орта мектептерінің «Арыстан», «Жасұлан» әскери-патриоттық клубының мүшелері қатысты.

Халқымыздың біртуар перзенті Сағадат Қожахметұлын еске алу кеші алдымен елдігіміздің символы ҚР Мемлекеттік әнұранын салтанатты түрде орындаумен басталды. Мемлекеттік әнұран орындалған соң, жиылғандар бірер минут үнсіздікпен батыр ұлын еске алды.

«ҚР ҚК ардагерлері» РҚБ ШҚО филиалының төрағасы, ҚК құрметті ардагері Төкен Біләлов шығып, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов туралы кең көлемді баяндама жасап, оның өмірі мен ерлік жолына тоқталып өтті.

«Біз қазір армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алу кешіне жиналып отырмыз. Бүгінгі жиынға ҚР ҚК ардагерлері, яғни зейнеткерлер мен жауынгер интернационалисттер қатысып отыр. Сағадат Қожахметұлының ҰОС жылдарындағы ерлігін дәріптеуден басқа, оның қазіргі жаңарған Қазақстанның Қарулы күштерін құруға сіңірген еңбегін де ұрпаққа насихаттауымыз керек. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары өз әскерімізді құру қиын болды. Алайда, Сағадаттай батыр аталарымыздың арқасында біз бүгінгі жетістіктерге жетіп отырмыз. Біз рухани жаңғыру туралы айтып қана қоймай, жастар арасына барып, осындай тұлғаларымызбен мақтанып, насихаттауымыз қажет. Осындай шаралардан жастардың патриоттық сезімі артады деген ойдамын. Елбасы бір сөзінде «аға ұрпақтың біздің алдымызда ұялатын ештеңесі жоқ, себебі осыншама жерді мирас етіп қалдырды» деген болатын. Ендеше, біз де келер ұрпақтың алдында ұялмайтындай қызмет жасайық», - деді.

«Арыстан», «Жасұлан» әскери-патриоттық ұйымы жастарды жауынгерлік рухта тәрбиелеп, оларды ел қорғаны болуға шақырады. Іс- шарада Өскемен гарнизонының бастығы подполковник Бегімбет Тәжібаев мырза бірнеше ҚР ҚК Ардагерлері запастағы полковник Амангелді Құрымбаев, ҚР ҚК ардагері запастағы полковник Мұрат Медетов, Өскемен гарнизоны, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ әскери кафедраның бастығы полковник Олег Манцуров мырзаларға алғыс хат табыстады.

Кеш барысында әскери шенділер мен зейнеттегі әскерилер, әскери қызметшілер төсбелгілермен, алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Ахмер орта мектебінің кадет сыныбы оқушыларына сарбаз ботқасынан дәм татырып, сый-сыяпаттар үлестірді.

Іс-шараның соңы Сағадат Қожахметұлының 95 жылдығына арналған мерекелік концертке ұласты

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив