Зайсан ауданына тартылған инвестиция үш есеге өсті
Фото: egemen.kz
Өткен жылмен салыстырғанда биыл Зайсан ауданына 3 есе көп инвестиция тартылған, деп хабарлайды Altainews kz. тілшісі.
Көрші елге ашылатын қақпа аузында тұрған шырайлы Зайсан ауданы тұрақты дамып келеді. 2024 жылдың өткен айларында Зайсан ауданының экономикасы тұрақты түрде өсіп, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту бағыттарында оңды нәтижелерге қол жеткізілген.
2024 жылғы жеті айда ауданға 12 миллиард 685 миллион теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп.
Әсіресе, жеке инвестициялар көлемі 9 миллиард 883 миллион теңгеге жетіп, 4,5 есеге артқан. Олар Омск-Майқапшағай автожолының қайта жаңғырту жұмыстарына, «Тарбағатай Мұнай» АҚ (бұрғылау жұмыстары) Майқапшағай кеден бекетін қайта жаңғыртуға, коммерциялық объектілер құрылысына, ауыл шаруашылығына салынған жеке инвестициялар.
"Бұл аудан экономикасының тұрақты дамып, кәсіпкерлер мен инвесторлардың бізге деген сенімі артып келе жатқанын көрсетеді. Өнеркәсіп саласында да жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Шығарылған өнімнің жалпы көлемі 4 миллиард 112 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты", – дейді Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы.