KZ
Өскемен
-28°
туман жел 2 м/с, З
514.93 536.04 5.18

Шығыстағы жасанды интеллект орталығы тау-кен металлургия саласының мәселелерін шешпек

Кеше, 18:15 158 Төлеуғазы Жансая


Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында қазақстандық компаниялармен консорциум аясында Industrial AI құзырет орталығы құрылды. Бұл орталық металлургия, энергетика және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларында инновациялық шешімдерді әзірлеумен айналысатын болмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Industrial AI орталығының негізгі міндеті — Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану және дамыту.

Жалпы, тау-кен кешені жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдануға болатын көптеген процестерді қамтиды.

– Қазір Industrial AI орталығы үш бағытта жұмыс істеуде.
Бірінші бағыт — өнеркәсіптік қауіпсіздік. Онлайн бейне түсіру арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметкерлер үшін қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтай алады. Мысалы, егер қызметкер каскасыз болса немесе тыйым салынған аймаққа кірсе, жүйе бұл бұзушылықты анықтап, сигнал береді. Бұл қауіп-қатерлерге уақтылы жауап беруге және кәсіпорындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Екінші бағыт — қуатты оңтайлы тұтыну. Яғни, жасанды интеллект жүйелері өндірістік қондырғыларда электр энергиясын тұтынуды оңтайландыруға көмектеседі, бұл шығындарды азайтып, жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Үшіншісі — металлургия бағыты. Мұнда балқыту пешін басқару өте күрделі процестерге жатады. Жасанды интеллект жүйелері оны басқаруды автоматтандырып, жұмыстың өнімділігі мен дәлдігін едәуір арттыруға ықпал етеді, – деп атап өтті Industrial AI орталығы директорының міндетін атқарушы Руслан Четтыкбаев.

Айта кету керек, Industrial AI – Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба. Ол, ең алдымен, тау-кен металлургия саласына арналған жасанды интеллект негізіндегі инновациялық шешімдерді әзірлеу мен енгізуге бағытталған. Бастама өндіріс процестерін автоматтандыруды, еңбек тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруды, сондай-ақ отандық өнеркәсіптің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін нығайтуды көздейді.

– Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дағы Industrial AI орталығы ғылымды, білімді және озық технологияларды дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, ол ғылыми қауымдастық пен өндірістік сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Ғылыми көзқарас пен жасанды интеллект технологиялары негізіндегі жүйелерді қолдану арқылы елдің тау-кен металлургия саласы дамудың жаңа деңгейіне шығып, айтарлықтай серпіліс жасай алады. Өндіріс пен оның процестерін жаңғырту – Қазақстанның жоғары технологиялар әлеміндегі болашағы үшін маңызды кезең, – деп атап өтті Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина.

Industrial AI орталығы «Alpha-Safety», «Rating», «Normal Work» және «Дипмайн Технолоджис» ЖШС-ларымен бірлесе отырып, жасанды интеллект технологияларын сынақтан өткізу және енгізу саласында жұмыс істейді. Отандық компаниялармен серіктестік ғылыми зерттеулер мен заманауи технологияларды өндірістік қызметке тиімді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының, сондай-ақ бүкіл Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты дамуына ықпал етпек.

Ақерке Рағызбаева
Фото, Видео: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу