Жасанды интеллект әлемдегі жұмыс орындарының 40%-на қалай әсер етеді

Жасанды интеллект әлемдегі жұмыс орындарының 40% - на әсер етеді. Бұл туралы халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева Қордың сайтында жазды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі Sputnik сілтеме жасап.
Оның пікірінше, дамыған елдер мен табысы төмен елдер арасында жасанды интеллект әсеріне ұшыраған жұмыс орындарының үлесі әр түрлі, егер дамыған елдерде бұл 60% болса, дамушы елдерде - 40%, ал кедей елдерде-26%.
Кристалина Георгиева өнімділікті арттыру, жаһандық экономиканың дамуын күшейту және бүкіл әлем бойынша кірісті арттырудағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін мойындады.
Дамушы елдердегі еңбек нарығы жасанды интеллектінің шабуылынан "қорғалған" болса да, мұндай мемлекеттердің көпшілігінде жасанды интеллект технологияларының артықшылықтарын алу үшін инфрақұрылым немесе білікті мамандар жетіспейді. Бұл өз кезегінде елдер арасындағы жаһандық теңсіздіктің өсуіне қауіп төндіреді.
Кристалина Георгиева жасанды интеллект технологияларын қолданудың басқа қауіптерімен қатар әлеуметтік шиеленістің ықтимал өсуін атап өтті. Дегенмен, жұмыскерлерге арналған арнайы бағдарламалар құру арқылы заңнамалық деңгейде оның алдын алуға болады.
Айжанат Бақытқызы