Ақмарал Әлназарова ШҚО-дағы денсаулық сақтау нысандарымен танысты
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірдегі медициналық нысандарды аралап, болашақ мамандарды дайындайтын оқу орындарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар елімізде баламасы жоқ гематологиялық орталықтың құрылыс барысын бағалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемендегі медициналық колледжде министр оқу кабинеттерін, практикалық дайындыққа арналған құрал-жабдықтарды қарап шықты. Оқытушылар және студенттермен кездесуде Ақмарал Әлназарова медицина білімінде болатын алдағы өзгерістерге тоқталды. Кездесуде оқу бағдарламаларын жаңарту, тәжірибеге негізделген оқытуды күшейту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру, өңірдегі медициналық мекемелермен өзара іс-қимыл және білім беру процесін жетілдіру ұсыныстары талқыланды. Студенттер интернатурадан өту жағдайларын жақсарту мен жас мамандардың жалақысы туралы сұрақтар қойды.
Өскемен қалалық №2 емханасында министр алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасымен танысып, жалпы практика дәрігерлерінің кабинеттерін аралады. Пациенттермен және медицина қызметкерлерімен тілдесіп, алғашқы медициналық буынның маңыздылығын атап өтті.
Құрылыс жүріп жатқан Гематологиялық орталыққа барған Ақмарал Әлназарова жобаның бірегейлігі мен ауқымын ерекше атап өтті. Бұл нысан қан ауруларын анықтау мен емдеудің мүмкіндіктерін өңірде ғана емес, бүкіл ел бойынша кеңейтеді. Құрылыс алаңында Денсаулық сақтау министрі мен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның негізгі параметрлерін талқылады.
Жаңа жоғары технологиялы гематологиялық орталық бірнеше корпустан тұрып, түрлі бағытта қызмет көрсететін болады. Нысан іске қосылған соң өңірде ғана емес, республика бойынша медициналық көмектің сапасы едәуір артады.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет