KZ
Өскемен
-5°
небольшая облачность жел 3 м/с, ОШ
522.91 548.85 5.05

Жас мамандарға жұмыс та, баспана да беріледі - ШҚО

27.08.2024, 18:46 127 Ләззат Қанатқызы

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген еліміздің денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Глубокое ауданына қарасты Прапорщиков ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.

Бұл медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп, биыл мамыр айында қолданысқа берілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазір Прапоршиков ауылында 3500-ге жуық халық тұрады. Ауыл тұрғындары осы уақытқа дейін 1972 жылы салынған ескі аурухана ғимаратында ем қабылдап жүрген.

- Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген жақсы сөз бар. Қазір елімізде ауыл халқына жақсы жағдай жасалып жатыр. Мәселен, біз бұл амбулаторияны 30 жыл күттік. Бүгінде жаңа нысанның игілігін көріп жатырмыз. Ескі ғимаратта кезек күтіп отыратынбыз, қазір орын саны да жеткілікті. Бір мезетте бірнеше адамды қабылдай алады. Құрылыс жұмыстарын да қадағалап жүрдім, өте сапалы жүргізілді деп ауыз толтырып айта аламын, - дейді ауыл тұрғыны Бақытбек Мамырбаев.

Жаңа медициналық нысанда стоматологиялық кабинет пен оңалту бөлмесі де қарастырылған.

– Ескі ғимарат заманауи талаптарға сай келмейтін. Бүгінде ұлттық жоба аясында заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа нысан берілді. Онда тіс дәрігеріне арнап қосымша бөлме қарастырылған. Енді тұрғындар ол үшін қалаға қатынамайды. Қазір 12 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта тіс дәрігері мен реанимотолог маман келеді, - деді амбулаториялық орталықтықтың бас дәрігері Мирхат Увазыров.

Глубокое аудандық әкімдігі ауылға келген жас мамандарды тұрақты жұмыс орнымен ғана емес, баспанамен де қамтуға дайын.

Сондай-ақ аудан тұрғындары қалаға қатынамас үшін алдағы уақытта жылжымалы маммографиялық құрылғы алу жоспарда бар.

- Мемлекет басшысы ауыл халқының денсаулығын жақсартуға барынша көңіл бөліп отыр. Шығыс Қазақстан облысы бойынша былтыр 17 медициналық нысан қолданысқа берілсе, биыл жыл соңына дейін 18 нысанның құрлысын аяқтау жоспарланған. Ең бастысы - құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілуі керек. Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында мәселелер жоқ емес, маман жетіспеушілігі де байқалады, қазір сол бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Айта кету керек, Глубокое ауданында жыл соңына дейін тағы бес медициналық нысан қолданысқа берілмек.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу