Денсаулық сақтау министрі Өскемендегі медицина мекемелерін аралады
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар медициналық нысанды аралалап, олардың жұмыс барысымен танысты.
Қазір Өскеменде салынып жатқан ең ауқымды құрылыстардың бірі – Гематология орталығы. Медициналық нысанның құрылысы 2020 жылы маусым айында басталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көпбейінді орталық сәуле диагностикасы, кардиология, кардиохирургия, гематология және жілік майы трансплантациясы бөлімшелерін қамтиды. Орталық 146 керуетке есептелген және екі ангиограф, КТ мен МРТ қатарлы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Денсаулық сақтау министрі құрылысқа басқа қаржы көздерінен инвестиция тартудың жолдарын қарастыру қажеттігін тілге тиек етті.
Мамандардың айтуынша, орталық пайдалануға берілсе өңірдегі медициналық туризмнің дамуына айтарлықтай ықпал етеді, ең бастысы тұрғындар емделу үшін шетелге сабылмайтын болады.
Ведомство басшысы көпбейінді онкология және хирургия орталығында болып, жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін соңғы буындағы магнитті-резонансты томография (МРТ), Elekta Versa HD желілік үдеткіші сияқты заманауи медициналық құрылғылардың жұмысымен танысты. Орталық радиологиялық суреттерді сақтауға және оларды тез тауып, нақты уақыт режимінде зерттеуге арналған PACS архивтеу жүйесімен жабдықталған.
Өңірде қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіші айтарлықтай жақсарып, ауру деңгейі үшінші, төртінші сатыға дейін асқынып кеткен сырқаттардың саны кеміген.
Фото: Махаббат Ахметжанова