ШҚО-ның шекаралық аудандарында және Өскеменде жаңа демалыс нысандары бой көтермек
Шығыс Қазақстан облысында шекара маңындағы аудандар мен алыс ауылдық елді мекендерді, сондай-ақ туризмді дамыту аясында бірнеше демалыс және тынығу нысандары салынады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, инвесторлардың көмегімен шекара маңындағы Зайсан және Тарбағатай аудандарында кинотеатр және фастфуд орны бар кешендер бой көтермек.
Ал Өскемен қаласының сол жағалауында, Есенберлин және Қазбек би көшелерінің қиылысында жаңа кинотеатр салынады. Онда 17 зал болады, 2050 көрерменді қабылдай алады. Кинотеатр заманауи жабдықтармен және технологиялармен – лазерлік проекциямен, «Dolby Atmos» аудиожүйесімен, «Euroseating» креслоларымен жабдықталады. Сыйымдылығының кең болуы арқасында көрермендерге ауқымды фильмдер таңдауы ұсынылады: қазақстандық туындылар, авторлық кино, балаларға арналған фильмдер, блокбастерлер және т.б. Сонымен қатар кинотеатрда түрлі форматтағы залдар болады. Мысалы, премьералық залда қазақстандық фильмдердің премьералары танымал актерлер мен режиссерлердің қатысуымен өтеді.
Ал жайлылық пен тыныш атмосфераны бағалайтын көрермендер үшін кинотеатр аумағында орналасқан отбасылық мейрамхананың қызметін пайдалана алатын премиум залдар ұсынылады. Тамаққа залдан шықпай-ақ, арнайы мобильді қосымша арқылы тапсырыс беруге болады.
Сонымен қатар қала тұрғындарының жайлылығы үшін кинотеатр аумағында автотұрақ пен саябақ аймағы да салынады.








