Құрмет ордені иегері, ардагер полицей 101 жылдық мерейтойын атап өтті
Шығыс Қазақстанда ел ағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер саласының ардагері Құрмат Рахымұлы 101 жасқа толды. Айтулы күні облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қарияға құттықтауын жеткізіп, ақ батасын алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құрмат ата 1942 жылы майданға аттанып, Беларусь пен Балтық жағалауы елдеріндегі ауыр шайқастарға қатысқан. Жеңіс күнін Кёнигсбергте қарсы алған. Соғыстан соң әскери училищені бітіріп, шекара қызметінде жұмыс істейді. Кейін ішкі істер саласына ауысып, 1955 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасында еңбек етіп, басқарма бастығының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. 1981 жылы зейнетке шықса да, ел ісінен шет қалған емес – жастарға ақыл-кеңесін айтып, түрлі қоғамдық істерге белсене араласып келеді.
Құрмат Рахымұлының кеудесінде II дәрежелі Отан соғысы ордені, «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдары мен түрлі мерейтойлық марапаттар бар. Зейнетке шыққаннан кейін ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесіне айналды, өзінің естеліктерін кітап етіп шығарды. Облыстық полиция музейінің құрылуына да елеулі үлес қосты.
Елге сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ – 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Құрмет» орденімен марапатталды. Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері ҰОС және ІІО ардагері Құрмат Рахимовтың құрметіне жүз жасқа толғанда көпқабатты үйдің қасбетіне портретінен мурал салдырған болатын.
Қазыналы қария бүгінгі тірлігінен сыр шертіп, ел тілегін арқалағандарға ақ батасын берді. Елдің тыныштығы мен ұрпақ амандығын тілеген қарт жауынгердің өмір жолы – нағыз ерлік пен елдікке толы тағылым.
Фото: Махаббат Ахметжанова










