Ипотеканың шекті мөлшерлемесін төмендету туралы шешімнің күші жойылды
Қазақстанда ипотекалық несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендету туралы шешімнің қолданысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, еліміздегі екінші деңгейлі банктер мұндай өзгерістерге дайын болмай шыққан. Сондықтан бұл бастаманы іске асыру мерзімі 2025 жылдың 1 қарашасына дейін шегерілді.
Агенттік пен Қазақстан Ұлттық Банкі бірлесіп әзірлеген қаулы жобасы «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» бұрынғы құжаттың бірқатар құрылымдық элементінің күшін уақытша тоқтата тұруды көздейді.
Қаржы реттеушілерінің мәліметінше, бұл шешім банктерге уақыт беріп, өздерінің ішкі есеп жүйелері мен операциялық процестерін жаңа талаптарға бейімдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар жаңа ипотекалық өнімдер бойынша талаптарды қайта қарап, ішкі нормативтік құжаттарына өзгерістер енгізуге тиіс.
Атап айтқанда, жоба аясында ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ-ді 25%-дан 20%-ға дейін төмендету нормасын 2025 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтата тұру жоспарланған.
Жобаның толық мәтінімен Агенттіктің ресми сайтында танысуға болады.
Фото: Pixabay.com