KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 1 м/с, С
511 602.72 6.49

Өскеменде 32 тұрғын жаңа кәсіп ашуға қайтарымсыз қаржы алды

Фото: pexels.com

20.06.2025, 17:00 302 Жанаргүл Көкенайқызы

Өскеменде өз ісін бастауға ниетті әлеуметтік осал топ өкілдеріне мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттар бойынша алғашқы кезеңнің қорытындысы шықты. Жобаға қатысқан 87 азаматтың ішінен 32-сінің бизнес-бастамасы мақұлданып, әрқайсысына 400 АЕК (1 572 800 теңге) көлемінде қаржы бөлінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына – көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар жандар мен жалғызбасты ата-аналарға беріледі. Бұл қолдау шағын кәсіпті бастауға, табыс көзін табуға және өз ісін дамытқысы келетін жандарға үлкен мүмкіндік.

— Грант иегерлері алған қаражатты тек кәсіпті бастауға қажетті құрал-жабдық, техника, мал, құс, көшет секілді нақты мақсаттарға жұмсай алады. Бұл бастама — жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған, — деді Өскемен қалалық мансап орталығы директорының орынбасары Гүлнара Юсупова.

Грант алғандардың көпшілігі – көпбалалы отбасылардың мүшелері (23 адам). Сонымен қатар, 4 адам – мүгедектігі бар азаматтар, 2 адам – ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, ал 3 қатысушы асыраушысынан айырылған жандар санатында.

Бизнес-жобалар бағыттары да әртүрлі. Мәселен, қызмет көрсету, мал және құс шаруашылығы, тігін цехтары, кондитерлік өнімдер, автосервис, сұлулық салондары, кәдесый бұйымдары мен көркем сурет өндірісі, сауда мен тамақтану қызметтері сынды салалар қамтылған.

Айта кетейік, өтінімдер қаралған кезде үміткерлер арнайы комиссия алдында өз бизнес-жобасын таныстырып, қорғады. Комиссия құрамында өңірлік кәсіпкерлер палатасы, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, білім және ғылым мекемелері, бұқаралық ақпарат құралдары мен салалық сарапшылар өкілдері болды.

Грантқа өтініш бергендер алдымен автоматты түрде «Бастау Бизнес» жобасының электронды сертификатының болуына және конкурс шарттарына сәйкестікке тексерілді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу