KZ
Өскемен
-14°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
509.94 593.88 6.43

Ауызсумен қамту: ШҚО-да тарифі бекітілмеген және иесіз нысандар бар

26.06.2025, 15:30 238 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесі талқыланды. ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың айтуынша, өңірде су жүйелерін пайдалану мен тарифтерді бекітуге қатысты бірқатар мәселелер бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінгі таңда ШҚО-дағы ауызсуға қолжетімді 345 ауылдық елді мекеннің 231-інде орталықтандырылған су жүйесі жұмыс істейді. Ал қалған 114 ауылда блочно-модульдік станциялар (БМС) орнатылған. Алайда бұл станциялар ҚР Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 18 сәуірдегі №26 бұйрығымен бекітілген реттелетін коммуналдық қызметтер тізіміне кірмейді. Осы себепті мұндай жүйелерге тариф бекіту заңды түрде мүмкін емес – су беріледі, бірақ «иесіз құбыр» мәртебесінде.

Нәтижесінде, су құбыры бар 231 ауылдың 76-сында әлі күнге дейін ресми тариф жоқ. Бұл жағдай инфрақұрылымды сапалы қызметпен қамтуға, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуге және сумен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға кедергі келтіріп отыр.

Мұндай жағдай бірнеше ауданда кездеседі: Риддер, Глубокое және Шемонаиха аудандарында – үш ауылдан; Зайсан ауданында – бір ауыл; Алтай ауданында – он төрт ауыл; Катонқарағай ауданында – он бір ауыл; Үлкен Нарын мен Марқакөлде – тоғыз ауылдан; Самар ауданында – жеті ауыл; Күршім ауданында – он екі ауыл; Ұлан ауданында – төрт ауыл.

Тарифтің болмауы тек пайдалану шығындарын қаржыландыруды қиындатып қана қоймай, инфрақұрылымға инвестиция тартуға бағытталған «Инвестицияға айырбас – тариф» жаңа саясатын қолдануға мүмкіндік бермейді. Бұл бағдарлама желілердің тозуын азайтуға және жүйелердің сенімділігін арттыруға арналған.

Бүгінгі таңда жаңа су құбырлары салынып, пайдалануға берілгенімен, олар заң жүзінде ешкімнің балансына берілмеген және қызмет көрсетілмейді. Мұндай жағдай 2019-2024 жылдар аралығында пайдалануға берілген жеті ауылда тіркелген: Глубокое ауданындағы Тарханка мен Уварово, Зайсан ауданындағы Қайнар, Алтай ауданындағы Тұрғысын, Катонқарағай ауданындағы Аршаты, Ақсу және Шыңғыстай ауылдары. Жаңа желілер бола тұра, олар «иесіз» күйде қалуда: операторсыз, тарифсіз, техникалық қызмет көрсетусіз.

Халықты сумен қамту – бұл тек алғашқы қадам ғана. Егер тарифтер заңды түрде бекітілмесе және нысандар қызмет көрсетуге берілмесе, ең заманауи жүйелердің өзі субсидия талап ететін әрі басқаруға келмейтін активке айналуы мүмкін. Мұндай мәселелерді шешу жүйелі тәсілді қажет етеді: құқықтық, ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық. Ең бастысы – жергілікті деңгейде шешім қабылдауды жеделдету қажет.

– Бұл мәселелердің шешімі су құбыры жүйелерінің тиімді жұмысын арттырып, ауылдық елді мекендерді тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Нұрлан Рамазанов.

Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахметжанова

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу