ШҚО-да халықты ауызсумен қамтуға бағытталған 27 жоба жүзеге асып жатыр
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өңірлік әкімдік отырысында негізгі тақырыптардың бірі болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың хабарлауынша, 2025 жылы өңірде жалпы құны 45,2 млрд теңгені құрайтын су жабдықтау саласына қатысты 27 жоба жүзеге асырылуда. Бұл соманың 14,4 млрд теңгесі түрлі деңгейдегі бюджеттерден бөлінген: 10,9 млрд теңге – республикалық, 3,5 млрд теңге – облыстық бюджеттен.
Осы қаражаттың аясында: ауылдық елді мекендерде жаңа жүйелердің құрылысына 4 жоба іске асырылып жатыр (4,5 млрд теңге); ауылдарда қолданыстағы желілерді қайта жаңғыртуға бағытталған 17 жоба (8,0 млрд теңге); қалаларда қайта жаңғыртуға арналған 6 жоба (1,9 млрд теңге).
Жыл соңына дейін 16 жобаны аяқтау жоспарланған. Соның ішінде 8 жоба халықтың орталықтандырылған су жүйесіне қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді. Бұл жобалар Өскемен қаласы, Катонқарағай, Ұлан және Шемонаиха аудандарындағы нысандарды қамтиды.
Бірқатар нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүргізілуде: Өскемен қаласындағы Комсомольский кентінде мердігер 2,77 км магистралдық құбыр тартып, резервуарларға дайындық жұмыстарын аяқтаған. Жобаның дайындық деңгейі – 50% (100 млн теңге игерілген); Катонқарағай ауылында желілердің 88%-ы тартылып, тіректер орнатылған. Жобаның жалпы дайындық деңгейі – 75%; Үлкен Нарын ауылында 78,4 км желінің 69,2 км-і тартылған. Дайындық – 75%; Отрадное ауылында 3,2 км магистралдық су құбыры тартылған, дайындық – 35% (69 млн теңге аванс төленген).
Сонымен қатар Бозанбай ауылында – жұмыс кестесінен 20 күнге қалып отыр, бар болғаны 7% жұмыс орындалған (мердігерге 321,9 млн теңге аванс берілген); Асубұлақ кентінде – қосалқы мердігер 56,9 км желінің 19,3 км-ін тартқан, дайындық – 33% (1,01 млрд теңге игерілген); Большая Речка ауылында – желілердің 34%-ы тартылған, жалпы дайындық – 30%; Березовка ауылында – жұмыстар енді ғана басталды, жалпы дайындық деңгейі – 15%.
Жұмыстарды толық аяқтап, қосымша 4 100 тұрғынды орталықтандырылған сумен қамту үшін облыстық бюджеттен 2,99 млрд теңге қосымша қаржы қажет (Комсомольский және Асубұлақ кенттері, Березовка және Большая Речка ауылдары, сондай-ақ Катонқарағай, Үлкен Нарын және Бозанбай елді мекендеріндегі жобаларға).
Нұрлан Рамазанов сондай-ақ, аяқталуға жақын нысандар бойынша республикалық қаражат толық көлемде көзделгенін атап өтті. Халықтың ауызсуға қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін 8 жобаны жүзеге асыру үшін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Индустрия және құрылыс министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетімен бірлесіп, Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қаржыландыру мәселесін пысықтаған.
Шығыс Қазақстандағы су жабдықтау жүйесін жаңғырту жобасы аясында аудандар арасындағы жұмыс қарқынында айтарлықтай айырмашылық бар. Жобалардың дайындық деңгейі 7%-дан 75%-ға дейін өзгереді, ал жылдың аяқталуына небәрі алты ай қалды. Әсіресе күзгі-қысқы маусымда ауа райының қолайсыздығы салдарынан құрылыс жұмыстары тежелуі мүмкін екенін ескерсек, уақыт тығыз. Осыған байланысты Президент тапсырмасын орындау үшін барлық әкімшілік, құрылыс және қаржылық ресурстарды жұмылдыру қажет.
Дамир Омаров




