Өскемендегі жағажайлар: шешімін таппаған мәселелер ШҚО әкімінің назарына ілікті
Жазғы маусым қызған шақта қала тұрғындарына арналған демалыс орындарының жағдайы Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағановтың назарынан тыс қалмады. Аймақ басшысы Өскемендегі «Самал» саябағының және КНМ карьері маңындағы жағажайдың (ел арасында «котлован» аталып кеткен) жағдайына көз жеткізіп, бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Саябақ демалыс күндері 20 мыңға дейін адамды қабылдайды. Алайда нысанды күтіп ұстауға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге кемінде 300 миллион теңге қажет. Қазіргі таңда мұнда небәрі алты қызметкер ғана жұмыс істеп отыр.
Ал «Котлованда» абаттандыру жұмыстары басталып кеткен. Санитарлық торап, орындық, киім ауыстыратын кабина, баспалдақ пен қоршаулар орнатылып, ТЖ қызметінің құтқарушылары кезекшілік атқаруда. Қала коммуналдық құрылымдары жолды асфальттап, автотұрақ та салып берген.
Сондай-ақ әкім жағажай маңындағы электр желісін көшіру, өзен түбін тегістеу, рұқсатсыз сауданы тоқтату, құтқару және күзет қызметін ұйымдастыруды жүктеді.
Облыс басшысы қала әкімдігі мен тиісті басқармаларға нақты міндет қойды: қаржыландыруды қамтамасыз етіп, демалыс орындарын ретке келтіру және тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру.
Фото/видео: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі















