ШҚО әкімінің тапсырмасы: «Қазақстан» тауы абаттандырылатын болды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі «Қазақстан» тауы демалыс аумағындағы санитарлық-гигиеналық мәселені шешуді тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өскемендегі Мемлекеттік рәміздер тауы – қаланың ең танымал көрікті орындарының бірі. Бұл жерде ресми іс-шаралар өткізіліп, фотосессиялар мен флешмобтар ұйымдастырылады, қала тұрғындары мен туристер жиі келеді. Алайда, бүкіл аумақта бірде-бір санитарлық торап орнатылмаған. Яғни, келушілер үшін дәретхана да, қарапайым жағдай да жасалмаған.
ШҚО әкімінің айтуынша, бұл – мүлде жол беруге болмайтын жағдай.
Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыру мәселесі қаралды. Осы жиында Нұрымбет Сақтағанов «Қазақстан» тауын абаттандыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Оның ішінде:
- санитарлық-гигиеналық модульдерді жедел орнату,
- аумақты тұрақты түрде тазалау,
- қосымша орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату,
- жайлы демалыс үшін жағдай жасау бойынша тапсырмалар болды.
Аталған тапсырмаларды орындауға Өскемен қаласының әкімдігі, облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы жұмылдырылды. Жұмыстардың мерзімі нақты белгіленген және аймақ басшысы атап өткендей олардың орындалуы қатаң бақыланатын болады.
Фото: Махаббат Ахметжанова








