Гендерлік саясат – қоғам дамуының айнасы
«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Шемонаиха ауданының бастамасымен 19–20 қыркүйек күндері Өскемен қаласында мәдени, білім беру және қоғамдық бағыттағы маңызды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде қоғам үшін ерекше маңызға ие шаралардың бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткен «Гендерлік саясат және тең мүмкіндіктер: өзекті мәселелер мен шешу жолдары» атты диалог алаңы болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Гендерлік саясат қазіргі таңда ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде күн тәртібінен түспей отырған маңызды тақырып. Бұл – әйелдер мен ерлердің қоғамдағы барлық салада тең мүмкіндіктерге ие болуы үшін жасалып жатқан мемлекеттік және қоғамдық бастамалар жүйесі. Жиын барысында қатысушылар қоғамдағы нәзік жандылардың рөлі, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру жолдары және алдағы уақытта қолға алынуы тиіс шаралар төңірегінде пікір алмасты
Әйел кәсіпкерлігі мен әлеуметтік қолдау
Диалог алаңында әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік беру, көпбалалы аналарды қолдау және олардың құқықтарын қорғау мәселелері ерекше назарға алынды. Сонымен қатар нәзік жандылардың білім алуға, медициналық көмекке қол жеткізуіне және мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуына жағдай жасау қажеттігі де айтылды.
Мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы депутаттардың 30 пайызын әйелдер құрайды. Бұл – аймақтағы гендерлік теңдіктің біртіндеп ілгерілеп келе жатқанын көрсететін айқын дәлел.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Альмира Жұмабаева сөз сөйлеп, 2024 жылдан бастап елімізде әйелдердің теңдігін қорғауға бағытталған заң күшіне енгенін еске салды. Оның айтуынша, бұл құжат қабылданғаннан кейін бұрын көпшілікке ашық айтыла бермейтін тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдерді еркінен тыс әрекеттерге мәжбүрлеу, қорқыту және басқа да келеңсіз жағдайлар қоғам назарында жиірек көтеріле бастады.
Диалог алаңы қоғам белсенділерінің ой-пікірін ортаға салуға мүмкіндік беріп қана қоймай, гендерлік саясатты жетілдіру жолында жаңа ұсыныстардың жасалуына жол ашты. Жиынға қатысушылардың айтуынша, мұндай пікірталас алаңдары қоғамдық пікірдің қалыптасуына, мемлекеттік саясаттың ашық әрі тиімді болуына үлкен септігін тигізеді.
Фото:Жібек Нұрахмет











