KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
517.16 588.48 6.23

Өскеменде мемлекеттік тіл мәселесі талқыланды  

15.04.2025, 17:30 174 Ержан Әбіш

15 сәуір күні Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ШҚО филиалының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл мәртебесі және жастар» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шараның басты мақсаты мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және оны жастар арасында кеңінен насихаттау, сондай-ақ тілге қатысты өзекті мәселелерді талқылау болды.

Дөңгелек үстелге ШҚО Ішкі саясат басқармасы Жастар ісі орталығының сектор меңгерушісі Еркін Бейбітұлы, Өскемен қалалық Жастар орталығының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Бақытжан Ербол, ұстаз әрі депутат Надежда Шушаникова, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Құралай Туғамбаева, С. Аманжолов атындағы ШҚУ өкілі Дәурен Серікұлы, Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ аға оқытушысы Гүлжан Есімжанова, облыстық «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» сарапшысы Үкілай Тұрарбекқызы сынды белсенді мамандар мен қоғам өкілдері қатысты.

Жиын барысында қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлт жастары өз әсерімен бөлісіп, мемлекеттік тілге деген ықыластары мен қызығушылықтары туралы айтты. Қатысушылар тілдің қоғамдағы орны мен маңызын, оның болашағын қамтамасыз ету жолдарын ашық талқылады.

Талқылау барысында тіл саясатының тиімділігі, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін меңгеру деңгейі, сондай-ақ ұлттық мәдениетті сақтау мәселелері сөз болды. Жастар тарапынан мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттыру мақсатында түрлі инновациялық әдістер мен іс-шаралар ұсынылды.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тіл саясатын жүзеге асыруда жастардың рөлін арттыру бағытында нақты ұсыныстар қабылдап, бастамалар көтерді. Бұл басқосу мемлекеттік тілдің тұғыры мен ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу