KZ
Өскемен
-30°
плотный туман жел 1 м/с, С
520.02 608.79 6.57

100 мың адам қолдау алды: Отбасылық саясатты дамыту жалғасуда

25.07.2025, 17:00 263 Гульжан Мусина

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығына қорытынды жасап, гендерлік саясат пен отбасын қолдауға қатысты маңызды бастамаларды жариялады. Бұл бағыттағы жұмыс ұлттық құндылықтарды сақтай отырып және халықаралық стандарттарға сай жүйелі түрде жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жыл басында елімізге «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша директоры Белен Санс Люке ресми сапармен келді. Сапар аясында Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасының 30 жылдығына және Тұрақты дамудың 5-мақсаты – гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге арналған жоғары деңгейдегі өңірлік кездесу өтті.

Осы кезеңде Қазақстанда Республикалық репродуктивті денсаулық апталығы ұйымдастырылып, 20 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Бұл шараларға 500 мыңға жуық азамат қатысып, денсаулық пен отбасы құндылығы туралы ақпарат алды.

2024 жылы әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа заң күшіне енді. Бұл заңның негізінде Отбасын қолдау орталықтарының қызметі жаңартылып, олардың саны 33-тен 124-ке дейін көбейді. Биылғы жылдың алғашқы жартысында бұл орталықтарға 100 мыңнан астам адам жүгінсе, 5 мыңнан астам отбасы жан-жақты қолдауға ие болды.

Астана, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында отбасын қолдау орталықтарының жұмысын цифрландыру жүргізілді. Сонымен қатар, жақын арада ата-аналарға арналған Ata-ana.kz онлайн платформасы іске қосылады.

Отбасыдағы ата-ана рөлін арттыру бойынша іс-шаралар да жалғасуда. Аналар күні қарсаңында еліміздің барлық өңірінде әйелдердің қоғамдағы орнын күшейтуге бағытталған мыңнан астам іс-шара өтті. Ал Әкелер күніне орай елордада «Әке. Отбасы. Қоғам» атты X Республикалық форум ұйымдастырылды. Бұл форумға ата-аналар, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының жанындағы отбасылық және гендерлік саясат орталығы өз жұмысын жалғастырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған Ұлттық есеп дайындап жатыр. Сонымен қатар, қазақстандық қоғамдағы гендерлік стереотиптерге қатысты зерттеу жүргізілуде және Ақпарат және қоғамдық даму комитетінің сайтында «Гендерлік мұқтаждық пен қажеттіліктер картасы» бөлімі әзірленуде.

Бұл бастамалар Қазақстанның тең құқықты, қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы ұстанымын нақты көрсетіп отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу