Айна Ескенқызы
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің отбасы және гендерлік саясат мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі Зарина Қамасова жастармен кездесіп, оларды гендерлік саясат мәселелерімен таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы және гендерлік саясат мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақстан осы мәселеге арналған барлық халықаралық шараларға қатысады, әйелдердің гендерлік теңдігін қолдайды. Мәдениет және ақпарат министрі бұл сұрақты өз бақылауына алды.
- Мен гендерлік теңдік тақырыбының елімізде жалпы көтерілгеніне, Қазақстанның бұл бағытта көштен қалмай келе жатқанына қуаныштымын. Біз Шығыс әйелдері болғандықтан, әрине, менталитетіміз бөлек, алға деп ұрандамаймыз. Бірақ әйелдер мен балалардың құқының сақталуына, жұмысқа орналасуда қыз-келіншектердің мүмкіндіктері ер-азаматтармен бірдей болуына мән берілуі керек. Әсіресе саясатта, лауазымды қызметтерде қыз-келіншектердің үлесі ерлерден кем болмауы тиіс. Қазіргі заңнамаларға сәйкес, Парламент мүшелерінің 30 пайызы нәзік жандылар. Гендерлік саясат мәселелеріне балалар мен жасөспірімдердің құқығы, жеткіншектердің денсаулығы, репродуктивті денсаулық мәселелері, отбасылық зорлық-зомбылық та кіреді. Бұл мәселені Президентіміздің өзі көтеріп, әйелдер мен балаларды қорғайтын бірнеше заңнамалар қабылданды. Жастар өздерінің құқықтарын білгені жөн, - деп атап өтті Зарина Камасова.
Тұрғындардың 25 пайызы немесе қазақстандықтардың ширек бөлігі 14 пен 29 жас аралығындағы жастар, 30 пайызы репродуктивті жастағы әйелдер, сол себепті олардың денсаулығы мәселесі өте өзекті. Отбасын құрған жұптардың 17 пайызы бала сүйе алмайды. Елімізде осындай жанұяларға үміт сыйлайтын «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді.
- Облыста жастар денсаулығы орталығы, отбасын қолдау орталықтары ашылып жатқаны қуантады. Ол жерде дәрігерлер жастарға репродуктивті денсаулық сияқты маңызды мәселе бойынша лекциялар оқиды, әңгімелеседі. Келушілерге психолог маман, жасөспірімдер гинекологы қызмет көрсететіні тіпті оңды, - деп қосты Зарина Айдарханқызы.
Зарина Камасова жуықта Астанада өткен BeWoman халықаралық Орта-азиялық форумнан алған әсерлерімен бөлісіп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.