Автобусты біржарым сағат тосамыз. Өскемендіктер әкімге сұрақты төтесінен қойды
Согралықтар қоғамдық көлікті сағаттап тосады. Аудан тұрғындары осы үшін қала әкіміне шағымданды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өскемен әкімі Жақсылық Омардың онлайн форматтағы есептік кездесулері басталды. Қала басшысы бүгін Согра ауданының тұрғындарымен жүздескен еді.
– №67 автобусты біржарым сағат тосамыз. Осының кесірінен үлкендер жұмысқа, балалар мектепке кешігіп барады. Мәселен бүгін екі-ақ автобус қатынап тұр. Неге? Кондукторлардан сұрасақ, оны әкімдіктен сұраңдар дейді. Сіз не айтасыз? – деп сұрады Мадина Қалыбаева есімді тұрғын.
Қала әкімінің айтуынша, автобустар саны жолаушылардың аздығына байланысты қысқарған.
– «Vosca» автопаркінің бізге берген мәліметі бойынша қазір төрт автобус жүріп тұр. Негізі қоғамдық көліктердің саны сегіз болуы тиіс. Алайда кәсіпорын жолаушылардың аздығына байланысты автобустарды қысқартқанын айтты, – деп жауап берді Жақсылық Омар.
– Жоқ. Екі-ақ автобус жүріп тұр бүгін. Және жолаушылар аз емес. Автобус қашан да лық толы. Сол үшін кейде тіпті кейбір аялдамаларға тоқтамай кетеді, – деді тұрғын қайтадан.
Әкім жағдайдың мән-жайын анықтап, тексеру жүргізетінін айтып, келесі сұраққа көшті.