KZ
Өскемен
-10°
ясно Штиль
504.6 594.27 6.48

Әскер спорты – 2025: Армия спортшылары шамамен 500 медаль жеңіп алды

Бүгін, 11:30 38 Төлеуғазы Жансая

Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының 2025 жылғы қызметін қорытындылауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Биылғы жыл әскер спорты тарихындағы ең нәтижелі кезеңдердің бірі ретінде бағаланды. 2025 жылы әскери спортшылар халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда шамамен 500 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 234 алтын және 140 күміс медаль бар, деп хабарлайды Altainews.kz.

Бұл көрсеткіштер бапкерлер құрамының жоғары кәсібилігін, оқу-жаттығу үдерісінің тиімді ұйымдастырылғанын және спортшылардың әскерге тән табандылығы мен жігерін айқындайды.

Салтанатты жиында жоғары спорттық жетістіктерімен көзге түскен бірқатар спортшылар марапатталды. «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаевқа және Париж Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ислам Сәтпаевқа алғашқы офицерлік «лейтенант» әскери атағы берілді.

Сонымен қатар «Ел қорғаны» ведомстволық медалі Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің бас жаттықтырушысы, подполковник Мұрат Бижановқа, таеквондодан әлем чемпионы Батырхан Төлеуғалиға, бокстан әлем чемпионы Ангелина Лукасқа, сондай-ақ 600 шақырымдық ультрамарафонды бағындырып, Қазақстан рекордын орнатқан сержант Рауан Әбілхановқа табысталды.

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгісі қазақ күресі, таеквондо, кикбоксинг және самбодан әлем чемпиондары мен жүлдегерлері Батырхан Қуандықовқа, Нұрдәулет Бақтыбайұлына, Нұржан Тумурзаевқа және Айдар Бескемпірге берілді. Ал құқық қорғау және күш құрылымдары арасында өткен самбо чемпионатында жеңіске жеткен қатардағы жауынгер Санжар Нұрсейіт Қорғаныс министрі атынан грамотамен марапатталды.

Бұдан бөлек, әскер спортын дамытуға үлес қосып жүрген мемлекеттік органдардың, спорт федерацияларының, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне алғыс хаттар табысталды. Әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен және жүлделі орын алған үздік спортшылар ақшалай сыйақы берілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу