«Өскемен – Катонқарағай» бағытындағы автобус маршруты іске қосылады
Катонқарағай ауданының тұрғындары мен қонақтары үшін жағымды жаңалық. 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап «Өскемен – Катонқарағай» бағытындағы автобус маршруты тұрақты түрде қатынай бастайды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бұл туралы әлеуметтік желі арқылы аудан әкімі Данияр Дюсембаев мәлімдеді. Автобус Өскемен қаласынан сағат 08:10-да, Катонқарағай ауылынан – сағат 09:15-те жүреді.
Аудан тұрғындарына ескерер жайт – маршрут бастапқы уақытта күнара қатынайды. 5 қаңтар күні автобус Өскемен қаласынан шығып, Катонқарағай ауылына келеді. Ал 6 қаңтар күні кері бағытта, яғни, Катонқарағай ауылынан Өскемен қаласына жолға шығады.
Аудан әкімі одан кейін екі автобус бір мезгілде қарама-қарсы бағытта жүріп, маршрут күнделікті қатынасқа көшірілетінін жеткізді.
Жолаушылар билеттерді Өскемен қаласында «Адал» автовокзалынан, ал Катонқарағай ауылында автобустың кондукторларынан сатып ала алады.
Ұйымдастырушылар жаңа маршруттың аудан тұрғындары мен қонақтарына қолайлы әрі қауіпсіз қатынас ұсынатынын атап өтеді.