KZ
Өскемен
-21°
плотный туман жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

Келер жылдан бастап елімізде Отандық тауар өндірушілер реестрі іске қосылады

27.12.2025, 12:30 146 Төлеуғазы Жансая

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі іске қосылады. Бұл жаңа цифрлық платформа отандық бизнестің реттелетін сатып алуларға қатысуы және мемлекеттік қолдаудың мақсатты шараларына қол жеткізуі үшін міндетті құралға айналады. Реестрді енгізу мемлекеттік қолдауды нақты өндірісі бар кәсіпорындарға бағыттауға және отандық өндірісті жүйелі түрде қолдауға мүмкіндік береді, 

Аталған өзгерістер «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға енгізілген түзетулер аясында жүзеге асырылуда. Осы түзетулерге сәйкес, приоритетті негізде сатып алуларға қатысу және мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы тек осы реестрге енгізілген компанияларға ғана беріледі. Бұл тәсіл нарықтағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз етіп, жалған өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қатысуын шектеуге бағытталған.

Реестрге тіркелудің негізгі шарты – Қазақстан Республикасының аумағында нақты өндірістің болуы. Яғни, кәсіпорын өндірістік алаңының, жабдықтарының, технологиялық процестерінің және өнім шығару мүмкіндігінің бар екенін растауы тиіс. Тіркеу процесі толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады. Кәсіпорын e-ondiris.gov.kz платформасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған өтінім береді, содан кейін өндірісті тексеру және бағалау кезеңдерінен өтеді.

Өтініш беру барысында мәліметтердің бір бөлігі мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде жүктеледі. Ал жетіспейтін құжаттарды өтініш беруші өзі жүйеге орналастырады. Реестр жүйесі «цифрлық іздер» қағидаты бойынша цифрлық верификация жүргізеді. Бұл ретте өндірістік алаңдар, пайдаланылатын жабдықтар, рұқсат беру құжаттары, жеткізу тізбегі, электрондық шот-фактуралар және кедендік статистика деректері жан-жақты талданады. Мұндай тәсіл өндірістің нақты бар екендігін объективті түрде растауға мүмкіндік береді.

Реестр шеңберінде сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша барлығы 3 371 тауар тобы қамтылған. Әрбір тауар коды бойынша орындалуы тиіс технологиялық операциялар мен өнімнің оқшаулануының ең төменгі деңгейіне қойылатын нақты талаптар белгіленген. Бұл талаптар отандық өндірісті тереңдетуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға ынталандырады.

Компания реестрге енгізілгеннен кейін де бақылау тоқтатылмайды. Қатысушы мәртебесін сақтау үшін тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мониторинг барысында кәсіпорынның өндірістік қызметінің жалғасып отырғаны, талаптардың сақталуы және ұсынылған деректердің өзектілігі тексеріледі. Белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда қатысушы мәртебесі қайта қаралуы мүмкін.

Кәсіпкерлер үшін реестрге тіркелу тәртібін түсіндіру мақсатында арнайы бейненұсқаулық әзірленген. Онда өтінім беруден бастап өндірісті тексеру, тізілімге енгізу және кейінгі мониторинг кезеңдеріне дейінгі барлық рәсімдер кезең-кезеңімен көрсетілген.

Отандық тауар өндірушілер реестрінің іске қосылуы еліміздегі өнеркәсіптік саясатты жетілдіруге, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу