Абай – 180 жыл: Ұлылар мекеніне саяхат (V бөлім)
...Бірақ, қолды кім басқаратындығын бірі де білмейді. Қол ағасы белгіленбеген. Тобықты атамның әр атасына ие ел ақсақалдары да жиылып, бір көк қасқа айтылып сойылыпты. Ет желініп болған соң Абай ортаға шығып, шешімді сөзін айтты. Аттанбақ кісі саны жетпіс бір екен. Бұл – Тобықты руы үшін киелі сан саналады. Өйткені, Тобықты Шыңғыстауға келгенде Кеңгірбай-Мамай соңынан еретін жігіттер саны жетпіс бір бопты.
Менің тосқаным – Абайдың қол ағасын атауы. Абай шетте отырған бір жігітті ымдап шақырды. Мен танымайтын жасөспірім. Мұрты жаңа түбіттене бастаған.
Абай: - Қолды мына жігіт бастайды. Аты – Бесбесбай. Осы ұзын сызса жүресің, көлденең сызса қонасың. Мұның дегеніне бағынбағаның, жұмсауына жүрмегенің – бұл ел бетін көрмей-ақ қой. Аруақты аяққа таптаған, шіріген жұмыртқамын деп біл. Өзге ел табасың, кімің болсаң да! Баратын елің – Керей елі, жерің Қорғалжын теңізінің бойы. Сол ел мен жерді жақсы білетін мына екі жігіт – менің жылқышым. Қыс бойы жылқыда болды. Естеріңде болсын, қолда кісі қалдырмаңдар. Кісі өлтіруге ұмтылмаңдар. Қолға түсер болсаң, қорықпа! Мен тірі болсам, ұзатпай алып шығамын. Сендермен ел аруағы бірге бармақ. «Аруақ алдымызда бастап, бетімізді түзеп отыр» - деңдер. Аруақ жар болсын жігіттер! Сендер ұрлыққа емес, ел намысы үшін қарымтаға аттанып барасыңдар! Абай осыны айтты да: - Ал, Бәке! – деп, Жуантаяқ Байғұлақ ақсақалға сөз берді. Бәкең батасын беріп жөнелтіп салды. Ауылдан аруақ шақырып, Абылай мен Кеңгірбайды кезек атап, ұрандап шауып шықтық. Барымта – жасырынып шығар ұрлық емес, салты солай...
ТЕҢІЗ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ ҚАРЫМТА
Жол тартып келеміз. Шыққаннан бұрынғы әдетімше қол алдындамын. Қолбасы бала да менімен қатар жүріп отырады. Әңгімеге тартсам, сөзге жоқ. Тұрпайылау сөйлеп, қоңқ етіп жауаптасады. Дене бітісі мен атқа отырысына сүйсіндім. Атпен қоса туып, қоса жұтылғандай отырысы. Тым шекелі, басы кішігірім қазаннан үлкен. Көзі жолбарыстың көзіндей отқа толып, жып-жылмағай тасырайып тұрады. Қаруы бақан іспеттес ұзын сойыл, тақымында қара шоқпар, белінде қысқалау қылышы бар. Ат шалдырып, түнейтін жерлерді кейде оның келісімінсіз-ақ белгілей саламын. Бала басшы оған қарсы келмейді. Онысына ырза болғаныммен, қолбасы боп белгіленбегенім ішімді аяздай қарып, жібітпейді-ақ...
Сонымен, барар жерімізге таяғанда, жер бітісі өзгеріп, ылди боп, жазыққа айналды. «Жобалауымызша бір-екі күндік жер қалды» - десіп келе жатқан бір түнде, жол бастаушы екі Керей қашып кетпесі бар ма. «Қап!» - деп, санымызды ұрдық та қалдық. Не істеу керек? Жетпіс бірімізден бұрын-соңды бұл жаққа аяқ басқанымыз жоқ екен. Қолбасымыз: - «Сонша жерден келіп, қобалжудың керегі не? Абайдың екі жылқышысы еліне хабарға кеткен болды. «Дұшпан хабар тапты» - деп есептейік те, осы бетімізде түнде жүріп, күндіз қарауыл қарайық. Жүрегіңе қобалжу кіргенің болса, менен рұқсат, ат басын кері бұруыңа болады. Қазір Абаң екеуіміз арамызды ашып тұрамыз, өткенің қол қатарында қаласың!» - деп, қатқылдау сөйледі. Бала басшының бұл сөзі менің ішіме қона кетті. Бұл – қолды қайрау. Ер қайратын жану ғой.
Жақ ашпай-ақ, жеке шығып, бала басшы екеуіміз арамызды ашып тұра қалдық. Қол бір-бірлеп екеуіміздің арамыздан тегіс өтіп болды. Бұл – қол алдағы айқасқа тас түйін деген сөз. Қолбасы бала көзі от шаша жайнап, өңі кіріп дүр сілкінгендей. «Біз бүгін күндіз ашық жүреміз. Түнде кеткен екеу жетіп, елі хабарланғанша уақыт ұту керек. Ат тынығатындай уақытымыз бар әлі» - деп, қолды бастап жөнелді. Байқаймын, Бесбесбай бала етек-жеңін жинап, дұшпанға кезігер сәт таяған сайын өзгере бастағандай. Тым жинақылана түсті. Бұл қолға да әсер етіп, жігіттердің де жүріс-тұрысы ширап кетті. Жүрісіміз суыт болды. Жер табанын бірөңкей саңлақ аттар қуырып-ақ жіберді. Жазықтан шығып, төбе-төбеге кеп іліндік. Кежуілге, қарауылға адамдар қойылып, қол тынымдады. Ертеңмен тұрып, ыстық істеп ішіп, ат оттатып жаттық. Қарауылдағылар «Алыс емес бір биік көрінеді, кежеуілшілер сонда кетті» - деп келді. Түс қайта олар да оралып, бір түстік жерден жайқын теңіз суы көрінгенін, бергі жағы қалың ел екенін, өздері көшіп, судан өтіп, қонып жатқанға ұқсайтындығын жеткізді. Қолбасы маған: - Сіздің көзіңіз алысты көреді дейді ғой. Қасыңызға екі жігіт алып, жолаушыға ұқсап биікке шықсаңыз. Егер көшіп, судан өтіп қонып жатса, енді жасырынып қайтеміз. Күн батқанша сол биікке жетіп, қараңғы түсе, судан өтіп жылқысына тиелік – деді. Мен де сол сөзді қостадым. Өйткені, бүгін біз үшін қолайлы күн. Бүгіннен кешіксек, бұл елге ішкеріден тағы да күш қосылмақ. Биіктен қарасам, кежеуілші топтікі рас. Қалың ел судан ары жаққа асығыс өтіп, қонып жатыр. Қолға белгі берген соң, олар да келді. Аттардың ерін алып, сергітіп, кеш түсуін күттік.
ШАЙҚАС АЛДЫНДАҒЫ ШИРЫҒУ
Күн кешкіре биікке шығып қарап отырмыз. Шимаңдай қалың ел судың ар жағына қонып, үйлерін тігіп болған екен. Бергі жағада тіршілік белгісі жоқ. Әр үш-төрт ауыл ортасына жылқыны қоғамдап жүр. Ауылдар жылқыларын теңізге жапты да, топтап айдап кеп, бір-біріне қоса бастады. Әр топтағы жылқыда үш-төрт мыңның қарасы бар. Мұнысы жылқыларын солайша топтап ұстап, құрылған қолдарын да топтап жиып ұстаудың, жауды сөйтіп қарсы алудың шарасы екенін ұқтық. Осы арада үлкен бір қателік жібергеніміз көрінді. Мынау судан арғы жаққа қалай өтеміз? Күндіз өткелді барлап білуді қаперден шығарыппыз. Тағы да «не істеу керекке?» тірелгенде, Бесбесбай: «Тілсіз жау болғанымен судан қорқып кері қайтпаспыз. Бір қылта жері табылмас дерсіңдер ме, саламыз суға атты» - деп, қайраттанды.
Зор шайқас болатынына күмән жоқ. Қалың шайқас үстінде бір-бірімізді ұрып алмаудың тәсілін іздестірдік. Ақылдаса кеп, баршамыз сыртқы киімді шешіп, сыптай қып буып, қанжығаға байлап ап, ішкі көйлегімізбен кілең ақ киімді болмақпыз. Ол да істелді. Қолда кісі қалдырмау үшін бір-бірін жақсы танитын сыр мінез жігіттерден топ құрып, жетекшісіне ешбірінен көз жазбай, топ болып соғысу міндеттелді. Бірі аттан түсіп қалса қоршап тұра қап, атқа мінгізіп немесе өңгеріп әкетуі керек.
«Абылайлайтын!» - тек, қолбасы Бесбесбай болмақ. Ол олай-бұлай болса, «Абылайлап!» - дауыстайтын мен болуым керек. Өзгелер тек «Кеңгірбайлайтын» болсын!.. Қол бағытты сол дауыстан айыратын болады. Осыған тоқтап, Алла мен аруаққа сыйынып, іңір түсе теңізге бет түзедік. Бала бастыққа қараймын, өң-түс, жүріс-тұрысында қымсынған, қысылған нышан жоқ. Тек, тас түйін ширығу бар. Біраздан соң Бесбесбай:
- Ағасы, қолдың артына түсейік, – деген соң, ат басын іркіп, кейіндеп едім, «Абай ағам кісі жазым болса, сүйегін қалдырмай, белгілі бір жерге «аманаттай» жерлеңдер. Кейін алғызамын деген еді» - деді.
- Мұнысы ақыл екен! – дедім, мен де қоштай сөйлеп.
Теңізге кеп тірелдік. Біз соғысу үшін ғана емес, жылқы алуға келдік қой. Қолдың басым бөлігі соғыста жүргенде жылқыны айдап әкетуге деп жиырма жігіт бөлгеміз. Су бойын жағалап келіп-келіп бір қылтаға ат салып, өте шықтық. Жылқы айдаушылардың басшысы жырынды жершіл Баймұрын болатын. Баймұрынды шолғыншыға жібердік. Ол қайтып кеп: «Теңіз жағасында жылқы жоқ. Ел жылқысын үш-төрт мыңнан шоғыр ұстап, ішкеріде бағып жүр. Үй сайын ерттеулі тұрған ат. Бірнеше кежеуіл топтар көрдім. Меніңше, ары, ішкері өтіп барып соқтығайық. Талқан қып, бұзып өтпесек, жылқы алғызбайды. Артымыздан қуғын болдырмау үшін осы дұрыс болады» - деді.
Сыбызғымды қолыма алдым. Қолбасымыз зырылдауығын қатайтты. Осы кезде «Жау қайдалап!?» жалаңдап тұрған жігіттерге көзім түсті де:
- Бұл келгендердің арасында осалы бар ма...?! Кез келгені бір-бір қол бастар азаматтар. Әр қайсысы он кісілік атан жілік жігіттер десек, сол жетпіс біріміз мыңға татимыз-ау, – деп ойладым...
КҮНШІЛДІК ПЕН ІШТАРЛЫҚ ЖАУ ҚОЛЫНА ТҮСІРДІ
Сыбызғы, зырылдауық тартып кеп, жылқыға тидік. Жер де айғай, көк те айғай... Жері ойдым-ойдым ағаш, қалың шалғынды екен. Кіммен кім соғысып жатыр? – мәлімсіз. Аннан бір, мыннан бір қолбасы баланың «Абылайлап!» ақырған дауысы шығып қалады. «Қайда?», «Қайдалаған?» ел кісілері үсті-үстіне құйылып жатыр. Бір тәуірі мылтық дауысы шықпайды. Сарт та, сұрт қағысқан сойыл, шоқпар, бір-біріне кіжініскен дауыстан құлақ тұнады. Мен соғысқа араласқам жоқ. Ауық-ауық жүгіртіп кеп, қолды аралап өтемін. Біздің ақ киімділеріміз қарсы жаққа лек-лек боп араласып, ұрыс шебін бұзып өтіп, бұзып шығып жүр. Ел кісілері әрбір жерде жусап қап жатыр. Бірақ, үсті-үстіне төрт тараптан құйылып жатқан кісіде есеп жоқ. Сол уақытқа дейін «Кеңгірбайлап!» жарқын-жарқын шыққан дауыстар барлығып, қарлығып шығатын болған. Қолбасының тамағы да қарлыққандай. Ал, соғыс барысы жойқын. Ұрыс бәсеңдер емес.
Сырттай тұрып зерігіп, біраздасын жүрегім де сескене бастады. «Түгеліміз қолда қалсақ қайтеміз?!» - деген үрей санамды жаулай бастады. Әрі Абай ұнатқан, қолбасы еткен жап-жас жігіттің жеңіп, жылқы апарғандағы атақ-даңқ көз алдыма келіп, ішімді қызғаныш та буып барады. Әлі бір ретке де сойыл сілтегенім жоқ. Атым да, өзім де тың тұрмын. Басыма екіталай күн туа қалса қашып құтылатыныма бек сенімдімін. Осы бір сумаңдаған ұры ой бойымды әбден билеп алды. Түн ортасы ауып, таң алдындағы қараңғылық түсе соғысушылар су жағалауына ауыса бастады. Тың-тыңдап, соңдарынан еріп келем. Байқауымша, манағы жан-жақтан қосылған ел адамдары сиреп, біздің жігіттер жау жағын еңсере бастағандай. Бұл күншілдік, іштарлық дегенді қойсайшы. «Апырм-ай, шынымен біз жеңгеніміз бе?» - деген жымысқы ой, тағы да жылт ете қалды. Ендігі жерде, бағанағы соғыс орнын аралап, жараланып, аттан түсіп қалғандар болса құтқарып, абырой алмаққа Ақбозбен жүгіртіп жүрмін. Мертіккен, жаралы боп ыңыранып, есеңгіреп отырғандар, ыңқылдап, жаяулап атын іздеп жүргендер ығы-жығы. Кісімен бірге араласып жүрген жаралы аттардың өзі бір табын дерлік. Денінің басы жарылған. Біздің жігіттер ел адамдарының мінген аттарын да шекеден ұрып құлата берген сияқты. Майдан даласын оңды-солды сүзіп жүрмін. Сөйтіп жүріп бір қыдыру уақыт өткізіп аппын. Соғыс болған жерде қалған бірде-бір кісіміздің жоқтығына көзім жетіп, қол артынан жүрсем, жылқы да, жау да, ел де жоқ. Судан жылқыны шығарып әкетіпті. Ұрыс сарыны алыстан естіледі. Суды жағалап өткел іздеп келемін, өткел жоқ. Ақбозды суға салуға жүрегім дауламайды. Бойымда бұрын-соңды болмаған жалғызсырау, қорқу пайда болғандай. Содан тағы бөгелеңдеп біраз жүріп, көзім бір судың енсіз, ат қарғып өтердей жеріне түсіп, Ақбозды ағындатып кеп қарғыттым. Ақбоз ытқып кеткенде, мына масқараны қараңыз, тақымым босап кетіп, сыпырылып түспесім бар ма. Бұл масқараның үстіне, судың жау жағында қалғанымды көрмейсіңдер ме...
Екі етекті түріп дегендей, бір қолыма шоқпарымды алып, бір қолымда сойылымды сүйретіп кеп, таң әбден жарықталғанда судан Ақбоз атпен өте алмаған сорлы басым ағашты құлатып түсіріп, манағы жерден ағаш бұтақтарын бір-бір басып өтіп, жаяу жөнелдім. Ендігі бар мақсатым, көзге түспей осы арадан қарамды батыру. «Ат барған соң, біреу болмаса біреу жоқтап, іздеп келер..,» - деймін, өз-өзіме дем беріп.
(Жалғасы бар)
Серік Құсанбаев

