Қазақстан жолдарында көктайғаққа қарсы тұз себуге тыйым салынды
Қазақстанда көктайғақпен күресте жолдарға тұз себуге заң жүзінде тыйым салынған-ды. Экологияға зияны дәлелденген бұл әдістің орнына бүгінде қауіпсіз әрі тиімді жаңа материалдар қолданылуда. Осы ретте Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары тұзға қандай баламалар барын және олардың артықшылығын түсіндірді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 238-бабының 9-тармағына сәйкес, топыраққа, жасыл желекке және қалалық экожүйеге кері есеп етуіне байланысты елді мекендерде көктайғаққа қарсы күресте тұз қолдануға тыйым салынған.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, бүгінде қолдануға ұсынылатын барлық жаңа материалдар мен технологиялар міндетті түрде Жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасында тіркеуден өтеді. Бұл база тексерілген әрі тиімділігі дәлелденген шешімдерді таңдауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда аталған базада көше-жол желісін қысқы күтіп-ұстауға арналған көктайғаққа қарсы бес отандық материал тіркелген. Олардың қатарында құрғақ және сұйық реагенттер бар. Бұл өңірлердің климаттық ерекшеліктері мен пайдалану жағдайларын ескере отырып, ең қолайлы технологияны таңдауға жол ашады.
Маңызды ерекшелік — тіркелген материалдардың құрамында хлоридтер жоқ. Соның арқасында олар жол жамылғысына, инженерлік құрылыстарға, абаттандыру элементтеріне және қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сонымен бірге бұл реагенттер көктайғақтың алдын алып, қар мен мұзды жоюда тиімділігін сақтайды.
Мамандардың айтуынша, тұзға баламалардың болуы өңірлерге қысқы жол күтімін кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді. Яғни, қауіпсіздік деңгейі төмендемейді, экологиялық талаптар да толық сақталады.
Тайғаққа қарсы жаңа материалдарды кеңінен енгізу «ҚазжолҒЗИ» әзірлеген ҚР СТ 4036–2025 «Елді мекендердің көшелері. Көктайғаққа қарсы материалдар. Техникалық талаптар» ұлттық стандартының қабылдануымен өзекті. Құжат қалалық ортада қолданылатын материалдарға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.
Фото: ҚазжолҒЗИ