Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Мәжілістегі сауда саясатын дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында сауда сөрелерінің шығынын субсидиялауды ұсынды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Баға шарықтап барады. Біз сайлаушылармен кездескен сайын міндетті түрде осы сұрақ көтеріледі. Мысалы, баға Жаңа жылға қарсы сыйақы алған кезде көтерілген, Жаңа жыл мерекелеріне байланысты көтерілген, ауа райының күрт құбылуына байланысты көтерілген, жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты көтерілген, газдың тапшылығына байланысты көтерілген... Біреу жөтелсе де, түшкірсе де ауыл шаруашылық тауарларының бағасы қымбаттай беретін болды. Сіз айтқандай 4-5 пайыз ғана қымбаттаған жоқ қой, бұл қазір еселеп қымбаттап кетті. Осыны көріп отырып бағаны басқарып отырмыз деп қалай айта аламыз? Басқарып отырсаңыздар, неге тауар бағасы жаңағыдай жайттарға тәуелді болады?» - деп сұрады Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин.
Министр Арман Шаққалиев ажиотажды сұранысқа тойтарыс беру елде қоймалар көп болу керек деген пайым айтты.
«Бізде қандай да бір тауардың тапшылығы туындайтыны туралы ишара пайда болса, ажиотажды сұраныс болып кетеді. Қанттың мәселесі оны анық көрсетті. Олай болмау үшін сақтайтын қоймалар болу керек. Әлеуметтік маңызға ие тауарларға келсек, құс еті мен сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділік әлі бар. Ол тапшылықты жою үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жол картасын іске асырып жатыр.
Ал біз бағасын үстемесін бақылап, делдалдарды жою шараларын қабылдап жатырмыз. Ең керек мәселе – сауда сөрелері қолжетімді болу керек. Келесі жылға сауда сөрелерін субсидиялау туралы ұсыныстар бар. Егер сауда желілері өзімізде өндірілетін тауар сататын болса, сөрелердің шығынын 15-20 пайыз көлемінде субсидиялаймыз», - деді ведомство басшысы.