ШҚО-ға Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары келді
ШҚО-да Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкологиялық қызметтің жағдайын мониторингілеу және бағалау республикалық тобы жұмысын аяқтады.
Бірнеше күн бойы топ мүшелері Өскемендегі медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына барып, тексеру және скринингтік кабинеттер жұмысының тиімділігін талдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының ақпараты бойынша, аталған орталықта МСАК ұйымдары басшыларының қатысуымен кеңес өтіп, мониторингтеу және бағалау тобының мүшелері үш күндік жұмыстың нәтижелерімен бөлісті.
«ҚазОРҒЗИ» АҚ мамандары өңірдегі медицина қызметкерлерінің профилактикалық бағдарламаларға ерекше ден қоюына, сондай-ақ МСАК ұйымдарының халыққа онкологиялық көмек көрсету жұмысына оң баға берді.
Тексеру кабинеттерінің көбінде ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының базасында дайындықтан өткен фельдшерлер мен акушерлер жұмыс істейді.
Республикалық топ мүшелері онкологиялық орталықтың басшылығына МСАК ұйымдарының мамандарын практикалық дағдыларға оқытқаны үшін алғыс білдірді. Дегенмен, тексерулердің тиімділігін арттыру үшін медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыруды жалғастыру керек екендігі атап өтілді.
Сапар барысында мониторингтік топ мүшелері онкологиялық науқастың бағытымен және «Жасыл дәліздің» іске асырылуымен танысты. Ақпараттық жүйелердің жұмысына байланысты назар аударуды және нақтылауды қажет ететін кейбір техникалық мәселелер талқыланды.
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина «ҚазОРҒЗИ» АҚ мамандарына атқарылған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, қазіргі уақытта МСАК ұйымдары онкологиялық орталықпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Айжанат Бақытқызы
Фото: ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының баспасөз қызметі



