Скринингтен өту кезінде қызметкер үш күнге босатылады

Шығыс өңірі көп жылдар бойы қатерлі ісік аурулары бойынша республикалық статистикада жетекші орынды иеленіп келеді.
Бүгінде облыс бойынша 13 878 науқас онкологиялық есепте тұр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
ШҚО онкология және хирургия көпсалалы орталығының ақпаратынша, бұған дейін елімізде онкологиялық көмек «Қатерлі ісікке қарсы күрестің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру шеңберінде жүзеге асырылып, оның мақсаты қатерлі ісіктердің ауыртпалығын төмендету болды. Аталған кешенді жоспарды жүзеге асыру барысында республикада қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 15%-ға, облыста 15,3%-ға төмендеген.
Облыста жиі анықталатыны – сүт безі обыры, өкпе обыры және тоқ ішек обыры. Одан кейінгі орында қуық асты безі мен асқазан обыры тұр.
Науқастардың арасында ерлерге қарағанда әйелдер көп. Сырқаттанудың ең жоғары деңгейі – 60-70 жас аралығындағы тұрғындар арасында.
Онкологиялық қызметтің тиімді жұмысын сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – онкологиялық патологияларды ерте анықтау. Бүгінде облыс бойынша бұл көрсеткіш 36,1 пайызды құрап отыр.
Биылғы Үкімет қаулысымен «Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар» бекітілді. Күтілетін нәтижелер – қатерлі ісіктің ерте кезеңде анықталған үлесін 35%-ға дейін арттыру, асқынған жағдайларының үлесін 10%-ға дейін төмендету, сәулемен емдеумен қамтуды 53%-ға дейін арттыру, қатерлі ісіктен болатын өлімді 100 мың адамға шаққанда 64,5-ке дейін төмендету, науқастардың 5 жылдық өмір сүру деңгейін 60%-ға дейін арттыру.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ