Қазақстаннан Нью-Йорк пен Токиоға тікелей рейс ашылады
Фото: pixabay.com
Қазақстандық әуе компаниялары Шанхай, Токио және басқа да қалаларға тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Көлік министрлігінің азаматтық авиациясының комитеті Қазақстаннан Нью-Йорк (АҚШ), Шанхай (Қытай), Гонконг, Токио (Жапония), Сингапур, Брюссель (Бельгия), Женева (Швейцария), Вена (Австрия) сияқты әлемнің ірі қалаларына тікелей рейстер ашылатынын мәлімдеді.
Бұдан бөлек биыл қазақстандық әуе компаниялары Сеул (Корея), Прага (Чехия), Қазан, Сочи (Ресей), Милан, Рим (Италия) қалаларына рейстер ашпақ.
Ведомство жаңа халықаралық бағыттарды ашу жұмысы аясында «ашық аспан» режимі іске қосылғанын атап өтті. Бұл Қазақстанға рейстерге шектеулерді алып тастауға және кез келген мүдделі тасымалдаушыға қалаған бағыты бойынша ұшуға мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстаннан 29 елге 109 бағыт бойынша рейстер орындалады. 2023 жылы 13 елге аптасына 63 рейс жиілігімен 21 бағыт ашылып және қалпына келтірілді. Биылғы жылдың басынан бастап Алматыдан Мумбайға (Үндістан) және Куала-Лумпурға (Малайзия) жаңа халықаралық рейстер ашылды.