Шығыс Қазақстанда ардагерлерге құрмет көрсетілді (видео)
Өскемендіктер мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Солжағалау кешенінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сол бір сұрапыл соғыста елі мен жерін жаудан қорғаған қарт майдангерлер тарих қойнауында қалған өткен жылдар естелігін тірілте отырып бейбітшілік, достық, татулық туралы мазмұнды әңгіме айтты. Қариялардың бәрінің тілегі біреу ғана, ол – енді соғыс болмасын!
Соғыс ардагері, ғасыр жасаған ақсақал Құрмат Рахимов Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлердің ерлігі ел жадынан ешқашан өшпейтінін және ол жас ұрпаққа үлгі болатынын атап өтті.
Қарт жауынгерлер дастархан басына отырып солдат ботқасынан дәм татты. Жылдан-жылға қатары сиреп бара жатқан ардагерлерді көргенде көңілді ауыр мұң басады екен.
Бүгін бір мағыналы, ерекше кездесу болды. Қарияларымыз өткенді еске ала отырып жас ұрпаққа өнеге болар тағылымды әңгіме өрбітті. Біз соғыс және тыл ардагерлерін ешқашан бөле жармаймыз. Олардың бәрі де Жеңіс үшін өлшеусіз үлес қосты. Ардагерлеріміздің ерлі мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге, – деп атап өткен өңір басшысы Ермек Көшербаев қазына кеуде қарияларымызға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құтықтау хат табыс етті.
Сонымен қатар ардагерлерге «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті ардагері» белгісі мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Мектеп оқушылары ата-әжелеріне өздері жасаған бойтұмарларын сыйға тартты. Өнерпаздар соғыс жылдарының әндерін әуелетті, қарт майдангерлер сонау бір жалынды жастық шақтарын еске алып, қосыла шырқады.
Фото: Махаббат Ахметжанова, Данияр Сағидолдин