KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
443.44 480.51 4.88

Батырларға тағзым ету – ұрпаққа парыз, келешекке аманат

сурет редакция архивінен

8.05.2024, 18:43 83 Ынтымақ Толқын

Екінші жаһан соғысында жан алысып, жан беріскен батырлардың есімі қашан да ел есінде. Бүгінде облыс орталығындағы бірқатар көшеге даңқты майдангерлердің есімі берілген. Мысал үшін Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова және Сағадат Нұрмағамбетов көшелерін айтуға болады.  

Ұлы Отан соғысы туралы сөз болғанда, ойға бірден оралатын  тұлғаның бірі – Бауыржан Момышұлы. Жау қоршауын сан мәрте бұзып шыққан аңыз адам туралы айтылар дерек көп.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысының Жуалы өңірінде дүниеге келген. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. 1932 - 1934 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарына қызмет етеді. 1938 жылы Хасан көлінде Жапонияның Квантун армиясымен шайқастарға қатысқан. 1939-1940 жылдары Украинада қызмет етіп, Карпат жорықтарына және Бессарабияның қосылуына қатысады.  Запастағы командир атағын алғаннан кейін туған ауылына қайтып оралған.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда генерал И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматыда жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, батальон, полк командирі болады.  Гвардиялық дивизияны басқарып, білікті қолбасшы ретінде даңқы шығады. Жазушы Александр Бектің «Волоколам  тас жолы» атты кітабында Бауыржан Момышұлының батырлығы, әскери біліктілігі  шынайы баяндалған. Кітап көптеген шет тілдеріне аударылып, ержүрек қазақтың есімі жаһан жұртына танылды.

Батыр бабамыздың есімі Өскеменнің көрікті шағын ауданы Күленов кентіндегі көшелердің біріне берілді.

Қан майданда қазақ арулары да елрікпен шайқасты. Бұған тарих куә. Солардың бірі әрі бірегейі мерген қыз – Әлия Молдағұлова.  Ол 1925 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарында екінші Балтық жағалауы фронтында, 22-әскердің 54-арнайы атқыштар бригадасында неміс басқыншыларына қарсы соғысқан.

18 жасында-ақ майданға өз еркімен аттанған қазақтың қайсар қызы тоқсанға жуық жау әскерінің көзін жойып, оққа ұшты.

1944 жылы 4 маусымда СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Сұрапыл соғыс жылдары Отан үшін от кешкен тағы бір даңқты батыр – Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов. Ол 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында өмірге келген. 1942 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеде оқыған. Оқуын бітірген 1943 жылы майдан шебіне аттанған. Сұрапыл соғыста ол пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі болып шайқасты. 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезінде көзсіз ерлік көрсеткені үшін 21 жастағы Сағадат Қожахметұлына Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Ол соғыс жылдары Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде болған, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында өткен шайқастарға қатысқан. Соғыстан кейін Мәскеудегі Фрунзе атындағы Әскери академияда оқып, бітірген соң Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберіледі. Бұдан кейін көптеген әскери лауазымды қызметті атқарған Сағадат Қожахметұлы 1992 жылы егемен еліміздің ең алғашқы қорғаныс министрі болып тағайындалады.

1993 жылғы оған генерал-полковник шені берілсе, бір жылдан кейін Халық Қаһарманы атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілген.

Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Тылда тер төккен кәрі-жастың ерен еңбегі де ел жадында мәңгілік қала бермек. Тарихты біліп, өткенге тағзым ету – бүгінгі ұрпаққа парыз, келешекке аманат.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив