KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 6 м/с, Ю
516.85 537.68 5.26

Дәстүрлі аңшылықты дәріптейміз десек...

16.05.2024, 16:27 222 Қызырбек Дүргінбайұлы

Соңғы уақытта саятшылықтың жолынан жаңылып, аңшылық дәстүрден адасып қалғандаймыз. Олай дейтініміз, аң-құсты тікұшақпен төбеден атқылап, темір тұлпармен қуатындар көбейіп кетті. Ал байтақ даладағы байырғы аңшылықтың жөні бір басқа еді ғой. Ол замандағы саятшылардың әңгімесі «ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» деп басталатын-ды. Өйткені обал-сауап пен аңшылықтың сертін бұзбау басты қағида болған. Өңірімізде 1 сәуірден бастап көктемгі аңшылық маусымы басталған болатын. Осыған орай саятшылар қауымын сөзге тартып, аңшылық жайын қаламға арқау етуді жөн көрдік.

Алтай өңірі нағыз аңшылықтың мекені болғандығы туралы аңыз-әңгіме де, тасқа таңбаланған тарих та бар. Бұл өнер бүгінгі таңда да түп тамырынан ажырап қалған жоқ. Тек саятшылық өзгеше типпен, көрнекілік бағытқа бет бұрғандай. Нақтырақ айтқанда, саятшылық фестивальдар мен сайыстар арқылы жұрт қыран құс, жүйрік тазының қызығын тамашалап, қыр басындағы салбурынға шығып қайтуды үрдіске айналдырған. Еліміздің түкпір-түкпірінде аңшылық өнердің тасы өрге домалап, өңірлерде саятшылар тойы дүркін-дүркін өтіп келеді. Әсіресе Шығыс өңірі құсбегілер фестивалін жиі өткізіп, Алтайдағы аңшылық өнерді дамыта түсуде. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Бозанбай ауылында үш жыл қатарынан бүркітшілер фестивалі өтті. Шығыс жұрты осылай дәстүрлі түрде фестиваль өткізіп, құсбегілік өнерді туризмді түлетудің тетігіне айналдыра білді. Бозанбай ауылы бірнеше жылдың ішінде бүркітшілер ауылына айналып шыға келді. Өнерді қолдаудың арқасында өңірдегі құсбегілер мен тазы ерткен аңшылардың қатары артты. Солардың бірі – ұландық аңшы Алтай Мүбәракұлымен саятшылық жайында әңгіме өрбітіп, аңшылықты  сөз еткен едік.

Бабаларымыз шаңғымен де бүркіт салған

Алтайдың ақиық қыранын қолға қондырған талай сері бұл далада аңшылықтың қызығын көрген шығар. Сол бір байырғы баба үрдісті үзбей жалғап келе жатқан жандардың болғанының өзі көңілге қуаныш сыйлайды. Саятшылық өнерді өзіне серік етіп, өзгеге дәріптеп жүрген аңшылар Шығыста біртіндеп қалыптасып келеді. Олардың әрбіреуін сөзге тартып, оқырман қауымға ой-толғамдарын газет арқылы ұсынып келеміз. Осы орайда биыл ердің жасы елуді еңсеріп жатқан жерлесіміз, құсбегі, аңшы Алтай Мүбәракұлын әңгімеге тартқан едік.

– Аңшылықты жол-жөнекей серік еткен жан емеспін, қыран баптап құс салу қанымызға сіңген өнер ғой. Арғы аталарымыз Алтайдың тауларында шаңғымен бүркіт салған аңшылар болған. Таулы өлкенің қары қалың болғандықтан ат жүре алмайды ғой. Сол себепті шаңғымен бүркіт салады екен. Қазақ даласындағы ең атақты бүркіт Алтайдың ақиығы болса, сол қырандарды көріп өскен ұрпақпыз. Өз басым 1992 жылдан бері құсбегілікпен айналысып келемін. Бір жағы саятшылықтан жаным жай табатын болса, екінші жағы ұлттық өнерді ұлықтау, ұрпаққа дәріптеу жолында жұмыс істеп жатқан жайым бар. Біздің дәстүрлі аңшылықтың қызығы көп қой. Қазір бүркітпен бірге кіші құстарды баптаумен айналысып жатырмын. Лашын, қаршыға, бидайық сияқты қырандарды ұстаймын. Бұл құстармен аң аулаудың да өзіндік қызығы мен ләззаты бар. Аңшылық айтқанға оңай болғанымен жұмысы ауыр. Құстарға жем тауып беру де оңайға соқпайды. Кез келген жемді жей бермейді. Қазір қолда бір лашын, бір көсе сұңқар,  қаршыға және бүркітім бар. Бұлардың барлығы да Қызыл кітапқа кірген құстар, сондықтан да құжаты бар, аңшылық маусымда ғана аңға шығамыз, – дейді саятшы Алтай Мүбәрак.

Иә, құсбегі айтып отырғандай табиғат заңдылығына орай аң аулауға арнаулы уақытта ғана рұқсат беріледі. Айта кетейік, биылғы көктемгі аңшылық маусымы 1 наурызда басталып, 15 мамырға дейін жалғасатындығы хабарланған болатын. Онда ережеге сәйкес, аңшылық шаруашылығында ұя салатын үйректерді көктемгі аулау кезінде аңшылар «аулаушы үйректерді» немесе арнайы тұлыптарды қолдануға тиіс. Қоңыр аюды ату тиісті аңшылық субъектісі қорықшысының қатысуымен жүзеге асырылады. Аңшылық шаруашылықтары аумақтарында аң аулауға жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаты және аңшылық шаруашылығы ұйымының жолдамасы болған кезде рұқсат етілетінін есте шығармаған жөн.

– Біз әуесқой аңшыларды аңшылық шаруашылықтарының аң аулау ережесін бұзбауға, ал қорық қызметкерлерін «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі №593 заңның 27-бабына сәйкес от жағу, атыс қаруын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша әуесқой аңшыларға нұсқау беруге шақырамыз. Өйткені 8 сәуірден бастап еліміз бойынша өрттің қауіпті кезеңі басталды, – деп ескерткен болатын облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан.

Сондықтан да қазір кез келген адамның аң аулай беруіне рұқсат жоқ және талаптарды сақтаған абзал. Ал саятшы Алтай Мүбәрак адамдар байырғы аңшылық дәстүрден жаңылып, саятшылықтың сертін бұзатынды шығарды дейді.

Иә, расымен де көлікпен қасқыр соғып алғандарына мақтанып, интернетке бейнетаспа жолдайтындар көбейіп келеді. Бұл дәстүрлі аңшылықтың сертіне сай әрекет емес екендігі айтпаса да белгілі.

– Біз дәстүрлі аңшылықты жалғастыруымыз керек. Әйтпесе қазір технология дамыған заманда аң мен құсты құртып алуымыз мүмкін. Қазіргі дүрбілі мылтықтар кез келген аңды құтқармайды, қашқан аңды аттатпайтын техника да бар дегендей. Сондықтан да бүркітпен, қаршығамен аң аулауға көшкен дұрыс. Дәстүрлі аңшылық табиғат заңдылығына орай сұрыптау жасайды. Аң мен құстың мықтысы қашып құтылады, әлсізі тұтылады. Ал мылтықпен бытырлатып ата берсек, аң-құсты құртып алуымыз мүмкін. Мысалы, көрші Қытай елінде жорғалаған тышқан атқызбайды деуге болады. Аң-құсқа да бейбіт өмір керек, қуғындай берсек, аң-құс сол жаққа ауып кетуі мүмкін. Сондықтан да дәстүрлі аңшылыққа біртіндеп көшіп, байырғы бабалар салып кеткен саятшылықтың сертінен таймауымыз керек, – дейді құсбегі.

Иә, ит жүгіртіп, құс салып саятшылық құрғанға не жетсін! Тек, саятшылықтың сертін сақтасақ құба-құп болмақ.

Алтайдан құрып кеткен аң-құс көп

Қарт Алтай бағзы заманнан аң-құстың мекені болғандығы ел ішінде көп айтылады. Аңыз-әңгімелер желісінен Алтайдың жоғалтқаны көп екенін естіп өстік. Мысалы, жерлес жазушы Асқар Алтайдың «Қызыл бөлтірік» әңгімесін оқыған адам Алтайды мекен еткен қызыл қасқырдың қалай құрып кеткенін білер еді. Иә, Алтайдың жоғалтқаны көп, жоғалтары әлі де бар шығар. Аңшы Алтай Мүбәракұлы сөз арасында өлкеміздегі ақсұңқар мен Алтай арқарының құрып кеткеніне кейіс танытты.

–  Алтайда қыран құстың барлығы дерлік бар. Сұңқардың бірнеше түрі болған екен. Лашын, бидайық, тұрымтай, қырғи, қаршыға деген сияқты кете береді. Соның ішінде Алтайдың ақсұңқары құрып кеткен екен. Бұрынғы ән мен жырда аты көп кездеседі бұл құстың. Сондай-ақ Күршім жақта, Алтай тауларының бөктерінде Алтай арқары деген болған, ол да құрып кеткен. Өзге де біз білмейтін Алтайдан құрып кеткен аң-құстар өте көп қой, – дейді Алтай Мүбәракұлы.

Саятшының айтуынша, арабтар аңшылықты дамытуда бізден көш ілгері көрінеді. Десе де олардың даласына аңшылық өнер бізден барғанын ұмытпаған жөн. Қазір дамыған елдер бүркітті, қаршыға мен сұңқарды тауық сияқты жұмыртқалатып, арнайы технологиямен жұмыртқа бастыратынын айтады аңшы. Тіпті, арабтар сұңқар салмаған азаматын «араб емес» деп қарайтын көрінеді.

Иә, аңшының алаңдауы орынды, жеріміздің байлығы болған аң-құсты құртып алмай, сақтай білуіміз керек. Бұл тұрғыдан біздің облыста бірқатар шаруа атқарылып, мақсатты жұмыстар жүзеге асып жатыр деуге болады. Оны біз сұхбаттасқан аңшы да атап өтті.

– Кейбір өңірлермен салыстырғанда біздегі дәстүрлі аңшылық көш ілгері деуге болады. Биыл Шығыс өңіріне атақты бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы көшіп келді. Бұған дейін Бозанбай ауылында бірнеше рет бүркітшілер фестивалі өтті. Биыл облыс әкімі Ермек Көшербаев Бозанбай ауылынан бүркітшілер орталығын ашуға тапсырма берді. Осылай біздің облыс құсбегілікті туризмнің тетігіне айналдырып келеді. Осының барлығы ұлттық өнерді қолдаудың арқасында дамып жатқанын естен шығармаған жөн. Осымен тоқтап қалмай әлі де дамыта түсуіміз керек, – дейді құсбегі Алтай Мүбәрак.

Сөз соңында саятшының аңшылық жайында айтқан аңыздары да айызымызды қандырды.

Бағзы заманда аңшылар таңды-таңға жалғап әңгіме айтады екен дегенді естуші едік. Алтай ағамыз да: «Бидайық бір жолдық»,–  деген қазақта сөз бар екен деп бастады әңгімесін. Бидайық құсын аңшылар топаны аз ұшқан қаз бен үйрекке жібереді екен. Өйткені томағасы алынған бидайық топты қазды түгелдей қағып түсірмей тоқтамайтын көрінеді. Топаны көп қазға жіберген аңшылар бидайық құсының соңынан қуып жете алмай жоғалтып алады. Сондықтан да: «Бидайық бір жолдық» деген ел арасында сөз қалыпты. Осылай басталған аңшының әңгімесі саятшылықтың сан қырынан сыр шертті. Аңшы аузынан естіген әңгімелер легін кейінгі мақалаларға мәйек қылармыз. Даламыздың әні де болған, сәні де болған аң-құсты аялап, табиғатқа зиянымызды тигізбеуге тырысайық.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу