KZ
Өскемен
-27°
туман жел 1 м/с, С
509.63 592.34 6.54

Медицина мекемелеріне қойылатын талап күшейтіледі: басымдық сапаға берілмек

15.01.2026, 16:00 107 Ержан Әбіш

Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде көрсетілетін қызметтерді қаржыландыруда қаржылық тәртіп пен медициналық көмектің сапасын бақылау шараларын күшейтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік жүргізген талдау соңғы жылдары медициналық ұйымдар санының айтарлықтай артқанына қарамастан, көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігі күткендей деңгейде жақсармағанын көрсетті. Атап айтқанда, 2020 жылдан бері жеке медициналық ұйымдар саны 635-тен 1 228-ге дейін, ал медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсетушілер саны 215-тен 336-ға дейін өскен.

Осыған байланысты 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық қызмет көрсетушілермен жасалатын шарттарға алғаш рет экономикалық ықпал ету шаралары енгізілді. Әкімшілік көрсеткіштерді, МСАК пен жедел медициналық көмекті қамтитын 11 сапа индикаторы бекітілді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша белгіленген индикаторларға қол жеткізбеген медициналық ұйымдарға 2,8 млрд теңге көлемінде экономикалық ықпал ету шаралары қолданылды. Оның ішінде әкімшілік көрсеткіштер бойынша – 2,1 млрд теңге, МСАК бойынша – 661 млн теңге, жедел медициналық көмек бойынша – 19,2 млн теңге. 2026 жылы сапа индикаторларының саны 15-ке дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 шілдеден бастап көрсетілген медициналық қызметтерді автоматты бақылау арқылы мониторингтейтін электрондық жүйе енгізілді. Медициналық қызметтерді негізсіз тіркеу мен құнын арттыру енді қаржылық бұзушылық ретінде бағаланып, анықталған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жолданады. 2025 жылы осы бағытта 73 материал жіберілген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда едәуір көп.
Қаржыны ұтымды пайдалану мақсатында 2025 жылғы 1 қазаннан бастап күндізгі стационар қызметтерінің тарифтері нақты шығындарды ескере отырып қайта қаралды. Нәтижесінде 2,1 млрд теңге көлемінде үнем жасалды. Сонымен қатар ТМККК шеңберінде күндізгі стационар қызметтері тек бекітілген халқы бар ұйымдар арасында орналастырылып, өнім берушілер саны екі есеге қысқарды.

МСАК саласында да өзгерістер бар. Белсенді емес және сақтандырылмаған халық үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі қайта қаралып, нәтижесінде МСАК ұйымдарына жүгіну саны 40 пайызға, яғни 2,2 млн адамға артты. Босатылған қаражат көлемі 15 млрд теңгеден асты. Бір жыл ішінде медициналық көмекке мүлде жүгінбеген азаматтар саны 5,6 млн-нан 3,4 млн адамға дейін азайды.

Сонымен қатар медициналық көмекті қосарланған қаржыландыру, қаражатты мақсатсыз пайдалану және пациенттердің көрсетілген қызметті растамау қаупі әлі де сақталып отыр. Осыған байланысты министрлік ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру, медициналық қызмет алуды цифрлық растау және лицензиядан кейінгі бақылауды күшейту жөнінде бірқатар шара қабылдады.

Қабылданып жатқан қадамдар денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығын арттыруға, ТМККК мен МӘМС қаражатын тиімді пайдалануға, сондай-ақ халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу