KZ
Өскемен
-12°
плотный туман жел 1 м/с, С
498.55 524.28 4.75

Ермек Көшербаев: – Көшелерді жарықтандыру мәселесі шешіледі

23.05.2024, 17:24 177 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде жарықтандыру жүйесінің кешенді техникалық аудиті жүргізіледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде жарықтандыру мәселелеріне арналған жиында белгілі болды.

Кейінгі кезде қала тұрғындарынан көшені жарықтандыруға қатысты айтылып жатқан сын көп. Тіпті, кей көшелерде жарық мүлдем жоқ. Ал бұл қылмыстың көбеюіне әкеліп соғуы мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, облыс орталығындағы көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту 2020 жылы басталған. Жобаға сәйкес, қала көшелеріндегі қарапайым шамдар жарық диодты түріне ауыстырылуы керек болатын. Бұған қоса инфрақұрылымды дамытып, бірыңғай диспетчерлік орталық ашу көзделген-ді. Жоспар бойынша жоба аясындағы жұмыстар аяқталғаннан кейін электр қуатын үнемдеу көрсеткіші 60 пайызға дейін ұлғаюға тиіс еді.

Жоба әлі аяқталған жоқ, бірақ қазірдің өзінде бұл бағыттағы жұмыстардың сапасыз жүргізіліп жатқаны байқалады. Сала мамандарының айтуынша, Тайваньнан әкеліген жаңа шамдар тиімсіз болып тұр. Бұл шамдар тез істен шығады немесе мүлде жұмыс істемей қалады. Ал оларды жаңарту үшін әжептәуір шығындану керек.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Ермек Көшербаев жарықтандыру мәселесі өте өзекті екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды созуға болмайтынын жеткізді.

– Біз бұл мәселеге барынша ден қоюға тиіспіз. Өйткені халық жарықтандыруға қатысты көп сын айтуда және бұл ол орынды. Ендігі міндетіміз жобаның түпкілікті мақсатына қол жеткізу және қала тұрғындарына оңтайлы жағдай жасау. Бұл бағытта талдау жүргізіп, жұмыс жоспарын әзірлейтін боламыз, – деп атап өтті өңір басшысы.

Әлбетте, бұл жұмысқа сарапшы ретінде энергетика саласының ардагерлері де тартылмақ. Қолданыстағы желілерге кешенді техникалық аудит жүргізу көзделіп отыр. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда мәселе заң шеңберінде шешілетін болады.

– Алдын ала бағалау нәтижесінде қала көшелеріне орнатылған Тайвань шамдары еліміздегі нормативтерге және техникалық талаптарға сай келмейтіні анықталды. Қазір оларды жөндеу немесе ауыстыру мәселесі қарастырылуда. Негізі, заманауи шамдар орнату тамаша идея болатын, алайда бәрін сапасыз өнім мен нашар орындалған жұмыс бұзды. Енді бұл олқылықтың орнын толтыру қажет. Біз осы саланың ардагері ретінде облыс басшылығына жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Себебі, жүйе іске қосылған кезде оның экономикалық әсері бірден сезілетін болады, – деп түсіндірді электротехникалық зерттеулер бойынша сот сарапшысы Александр Хасис.

Белгілі болғандай, көшелерді жарықтандыру жүйесінің жұмысын бір жыл ішінде реттеп, жолға қою жоспарланып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу