Мониторинг: Өскемендегі көше жарықтарының ақауларына не себеп?
Фото: Аяужан Утеулинова
Өскемендегі көше жарықтарының ақауларына жарықтандыру жүйелерінің тозуы, құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілуі себеп болып отыр.
Бұл туралы "Digital Security" ЖШС жүргізген мониторинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кету керек, 2017 жылы 23 маусымдп "ШҚО МЖӘ өңірлік орталығы" АҚ Еуропалық қайта құру және даму банкімен жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын "Өскемен және Семей қалаларының көшелерді жарықтандыру жүйелерін жаңғырту" жобасын іске асыру бойынша кредиттік шарт жасаған болатын.
2019 жылы 10 желтоқсанда Everlight Electronics Co бас мердігерлік компаниясымен «Көше жарықтарын жеткізу, орнату және техникалық қызмет көрсету» бойынша келісім-шарт жасалды. Ал 2020 жылы 11 маусымда аталған мердігерлік компания "Горсвет LTD" ЖШС-мен жарықтандыру жүйелеріне қызмет көрсетуге шарт жасасты.
Қазір облыс орталығындағы 11 583 көше жарығы, яғни 90%-ы ауыстырылған. Сондай-ақ Карл Либкнехт көшесі, 19 мекенжайында көше жарығы жүйесін автоматтандырылған басқару жөніндегі диспетчерлік орталық енгізілді.
2023 жылы 6 қазанда "ШҚО МЖӘ өңірлік орталығы" АҚ тарапынан төлемнің болмауына байланысты "Горсвет LTD" ЖШС қызмет көрсетуден бас тартқан. Қала әкімдігі де өз кезегінде "ШҚО МЖӘ өңірлік орталығы" АҚ-на 2023 жыл бойы көшелерді жарықтандыру жүйелерін жалға бергені үшін төлем жасаған жоқ.
Қазіргі уақытта қалаға "Digital Security" ЖШС жаңа компаниясы қызмет көрсетуде.
1 ақпандағы мәлімет бойынша, "ШҚО МЖӘ өңірлік орталығы" АҚ балансындағы екі мың көше жарығы жұмыс істемей тұр.
Жаңа мердігер "Digital Security" ЖШС-нің көшені жарықтандыру жүйелерінің жұмысына жасаған мониторингінің нәтижесі бойынша, жарықтандыру жүйелерінің тозуы, құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілуі салдарынан көше жарықтарынан ақау шыққан екен.
Қазіргі уақытта Эверлайт компаниясы бұзылған шамдарды жөндеу бойынша шаралар қабылдап жатыр.