Өскемендегі жарықтандыру мәселесі жыл соңына дейін шешіледі
Облыс орталығындағы көшелердің жарықтандырылуына қатысты тұрғындардан жиі шағым түседі. Мәселенің мән-жайын Аltainews.kz тілшісі анықтап қайтты.
Естеріңізге сала кетсек, Өскемен қаласының жарықтандыру желісін жаңғырту жобасы осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Жоба бойынша ескірген 16 мың шамды жарықдиодты электр үнемдегіш түріне ауыстырып, жарық ағынын бірқалыпты реттеуге қол жеткізу көзделген. Ол үшін көше шамдарын автоматты басқаратын бірыңғай диспетчерлік орталық іске қосылды. Жоспарлы жұмыстар толық аяқталғанда электр қуатын 60%-ға дейін үнемдеуге қол жеткізілмек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көшені жарықтандыру жүйелерін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ринат Бутажановтың айтуынша, жаңғырту аясында 11 583 көше шамы жаңартылған, 214 басқару шкафы мен 212 км электр желісі ауыстырылған. Алайда орнатылған жарық шамдар жылдам істен шығып қалады немесе мүлдем жанбайды. Жалпы қалада шамамен екі мыңға тарта жарық шам істен шыққан болса, соның 1400-і желілік, 600-дейі әр жерде орналасқан.
Бүгінгі таңда облыс орталығындағы бірнеше көшенің жарық шамдары қалпына келтірілген. Жұмыс маусым айының ортасына дейін толық аяқталмақ.
«Digital Security» ЖШС басшысы Данияр Әуеспаев Өскеменде 461 шам жаңартылғанын атап өтті.
Бүгінде ескірген басқару шкафтарын қайта бөлшектеу, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру желісіне қосылған бөгде көздерді ажырату мәселелері қарастырылып жатыр. Электр желісін қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясындағы жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталмақ.
Фото: Валерий Шведов