KZ
Өскемен
-5°
туман Штиль
497.89 525.12 5

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

4.06.2024, 12:10 94

Президент Астана қаласындағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Құрмет қарауылы ротасының бастығы салтанатты шараға дайындығы жөнінде Мемлекет басшысына рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мереке екеніне назар аударды.

– Осы мерекеге орай біз жаңа ғана еліміздің бас байрағын көтердік. Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы байрағымыз аспандаған сайын ұлт мерейі асқақ болатынын айтып, туды тәуелсіздігіміздің тұмары әрі ынтымағымыздың бастауы деп атады. 

– Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан бейбіт мемлекет ретінде татулық пен келісімді қашанда басты орынға қояды және барлық мемлекетпен достық қатынас орнатқан.

– Соның арқасында туымыз жер жүзіне бірлік пен бейбітшіліктің байрағы ретінде танылды. Біз достық қағидатын әрдайым берік ұстанамыз. Қазір бәріміз бір кісідей жұмылып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Баршаға бірдей мүмкіндік беретін қоғам орната бастадық. Аз уақыт ішінде ауқымды саяси реформа жасадық. Жаңа экономикалық бағытымызды айқындадық. Сондай-ақ жас ұрпақтың сана-сезімін жаңғыртып, сапалы ұлт болуға бет бұрдық. Мұның бәрін жүзеге асырып, түбегейлі орнықтыру – оңай шаруа емес. Ол үшін, ең алдымен, ырысты ынтымақ керек. Барша Қазақстан халқының тағдыры – ортақ, болашағы – бір. Сондықтан бір ел, бір халық болып, ту түбінде тұтаса білсек, көздеген мақсатқа міндетті түрде жетеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік рәміздер негізгі құндылықтарымыз бен мұраттарымызды айшықтап, әрқайсымыздың бойымызда елімізге деген шынайы мақтаныш сезімін оятатынын жеткізді. Сонымен қатар басты елдік нышандар сын сағатта да, жеңісті күндерде де барша азаматты біріктіретініне тоқталды. 

Суреттер: Ақорда


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу