KZ
Өскемен
-21°
туман жел 1 м/с, СБ
505.71 591.43 6.65

Инсульт пен гепатитті ерте анықтауға арналған жаңа скрининг енгізілді 

Кеше, 10:30 45 Ержан Әбіш

Елімізде инсульт пен вирустық гепатиттерді ерте анықтау бағытында маңызды өзгерістер енгізілді. Жоспарлы емдеуге жатқызу алдындағы консультациялық-диагностикалық қызметтер оңтайландырылып, скринингтік бағдарламалар жаңғыртылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңғыртылған скринингтік бағдарламалар аясында тиімділігі дәлелденген бірқатар зерттеулер енгізілді. Атап айтқанда, липопротеидтер спектрі, триглицеридтер және гликирленген гемоглобинді анықтау кеңінен қолданыла бастады. Сонымен қатар зерттеу нәтижелерінде ауытқу болмаған жағдайда, скринингті мейіргер деңгейінде аяқтауға мүмкіндік беріліп, негізсіз маман консультациялары қысқартылды.

Скринингке қатысатын азаматтардың жасы 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде 50 жастан асқан ер азаматтар үшін екі жылда бір рет брахиоцефалдық тамырлардың ультрадыбыстық зерттеуі енгізілді.

2025 жылдың қыркүйегінен бастап онкологиялық скринингтің барлық кезеңдері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында қолжетімді болды. Сондай-ақ скрининг түрлері кеңейтіліп, ми қанайналымының ерте бұзылуын анықтауға арналған зерттеулер мен созылмалы вирустық В және С гепатиттерін ерте диагностикалау қамтылды.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылы оңалту және паллиативтік көмек көрсету бағыттарын қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл шаралар халық денсаулығын сақтауға, ауыр ауруларды ерте кезеңде анықтауға және емдеудің тиімділігін арттыруға бағытталған. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу