KZ
Өскемен
-19°
туман жел 1 м/с, С
506.7 593.14 6.53

Шығыс Қазақстанның төрт спортшысы қысқы Олимпиадада бақ сынайды

Бүгін, 11:45 58 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының ең үздік спортшылары таяу уақытта төрт жылда бір өтетін ең ірі қысқы спорт додасына тұтас Қазақстанның абыройын қорғайды. Айта кетейік, XXV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Халықаралық лицензиялық іріктеуден өткен өңірдің төрт спортшысы еліміздің фристайл-могулдан ұлттық құрамасына енді. Атап айтқанда, әлемдік могул фристайлында үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүрген, халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері Анастасия Городко, Қазақстандағы ең тәжірибелі әрі нәтижелі могулистердің бірі, ірі турнирлерде тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшы Павел Колмаков, әлемдік фристайл элитасында өз тұғырын алған, болашағынан зор үміт күтетін Аяулым Әмренова және еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионаттары мен Әлем кубогі кезеңдерінің бірнеше дүркін жүлдегері, Қазақстанның қысқы спорт тарихындағы ең атақты спортшылардың бірі Юлия Галышева.

Спортшылармен өткен кездесуде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов додалар дүбірінде ойып орын алатын Олимпиада ойынының маңызын және ұлттық құрама сапында бой түзеген жерлестеріне жүктелер жауапкершілік деңгейін ерекше атап өтті.

— Сіздер үшін бұл – Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысының атын әлемдік деңгейде қорғайтын зор міндет. Олимпиада – көп жылғы еңбектің, рух күшінің және өз-өзіңе деген сенімнің нәтижесі. Біз өңіріміздің лайықты спортшылары ұлттық құрама сапында өнер көрсететініне мақтанамыз. Сіздер – жастарға үлгі, баршамызға шабыт беретін тұлғасыздар, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, әкім спортшылардың жетістігіне үлес қосып жүрген бапкерлерге, дәрігерлерге, мамандарға және күн сайын спортшылармен бірге еңбек ететін барлық жандарға алғыс білдірді. Дәл осы командалық жұмыс, жүйелі тәсіл мен кәсіби дайындық Олимпиада деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.

— Дайындығымыз өте жақсы өтіп жатыр. Қазір бапкерлер штабының жетекшілігімен жұмыс істеп, алдағы Алматыға сапарға өзіміздің базада әзірленудеміз. Онда Олимпиада алдындағы жаттығулар жалғасады. Бапкерлер моральдық дайындықтан бастап, физикалық жаттығуға дейін жоспардың бәрін толық құрып отыр, – деді дайындық барысымен бөліскен фристайл-могулдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анастасия Городко.

Ал халықаралық дәрежедегі спорт шебері Павел Колмаков мақсатының айқын екенін ашық айтты.

— Дайындық пен жиындар ойдағыдай өтуде, жарақат жоқ, көңіл-күй тамаша. Бапкерлер бізге әрдайым қолдау көрсетіп, қажет дүниенің бәріне көмектеседі. Бұл – кез келген спортшының мансабындағы ең басты жарыс. Мен осы мақсатқа көп уақыт бойы табанды дайындалдым. Ең үлкен арман – Олимпиада медалі. Сондықтан жеңіс тұғырына шығуға бар күшімді саламын, – деді спортшы.

Өңір басшысы Олимпиадаға қатысатын спортшыларға және бапкерлер құрамына зор денсаулық, өз мүмкіндіктеріне сенім және халықаралық ареналарда сәтті старттар тіледі.

— Шығыс Қазақстан облысының да, еліміздің де аты Олимпиада ареналарында лайықты деңгейде шырқалсын. Біз сіздерге сенеміз әрі мақтан тұтамыз! – деп түйіндеді Нұрымбет Сақтағанов.

Айта кетейік, XXV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Дүбірлі додада әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы бақ сынап, 16 спорт түрі бойынша жүлделер сарапқа салынады.

Қазақстан спортшыларының Олимпиадаға қатысуы Халықаралық Олимпиада комитеті мен халықаралық федерациялар аясында өткізілген күрделі халықаралық лицензиялық іріктеуден сәтті өтуінің нәтижесінде мүмкін болды. Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының өкілдері алдағы ойындарда ел намысын жоғары деңгейде қорғауға әзір екенін және биік мақсат-міндеттерді көздейтінін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.


Дамир Омаров

Видео: Жәнібек Ырысбай

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу