Елімізде өрт сөндірушілердің қорғаныш киімдері жаңартылып жатыр
Өрт сөндірушілер қызметі әрдайым жоғары қауіп-қатермен байланысты. Сондықтан олардың жеке қорғаныш деңгейі құтқару және өрт сөндіру операцияларының тиімділігіне тікелей әсер етеді. Осыған орай еліміздің барлық өңірлерінде өрт сөндіру бөлімшелерінің арнайы киім жабдығы кезең-кезеңімен жаңартылмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа қорғаныш киімі жеңіл, қорғану деңгейі жоғары әрі киюге ыңғайлы. Эргономикалық талаптарға сай жасалған бұл жабдық өрт сөндірушілердің қызмет барысында еркін қозғалуына және өз міндеттерін қауіпсіз әрі тиімді орындауына мүмкіндік береді. Арнайы киім жоғары температурадан, жылу сәулесінен және ашық жалынның әсерінен сенімді қорғайды.
ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысы кәсіби тәуекелдерді азайтуға, сондай-ақ өрт сөндірушілер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған. Қорғаныш киім жабдығын жаңарту еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасады. Бұл төтенше жағдайларға жедел ден қою деңгейін арттырып, құтқару қызметінің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.